Саха Республикасында асық ойынын дамыту қолға алынады
Екіжақты меморандумға қол қойылды
Бүгін Астана қаласында Саха (Якутия) Республикасының Қазақстандағы күндері басталды. Астана мен Алматы қалаларында 21 сәуірге дейін жалғасатын күндер аясында бауырлас екі ел арасындағы мәдени, спорттық, іскерлік бағытта көптеген шара ұйымдастыру жоспарланған, деп хабарлады Асық ату федерациясының баспасөз қызметі.
Іс-шараның бірінші күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Саха Республикасының басшысы Айсен Николаевты қабылдап, екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы, кен өндіру, цифрландыру және туризм салаларындағы ынтымақтастық талқыланды.
Сонымен қатар, Асық ату федерациясының атқарушы директоры Жомарт Сабыржанұлы мен Саха Республикасы мемлекеттік бюджеттік мекемесінің директоры Геннадий Васильев Саха Республикасы Дене шынықтыру және спорт министрлігінің Василий Манчаары атындағы ұлттық спорт түрлері орталығы мен ҚР Асық ату федерациясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, – делінген хабарламада.
Алдағы уақытта қазақтың ұлттық асық ату және бес асық ойыны Саха Республикасында дамытылып, бірлескен оқу-жаттығу жиындары мен жарыстар өткізілетін және Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Саха Республикасы асық атудан команда әкелетін болды. Бұдан бөлек, якуттың Хабылык және Хаамыска ойындарын да бірлесе дамыту жағы келісілді.