Жамбы атудан Азия федерациясы құрылды
Оған 10-нан астам елдің ұлттық федерациялары кірді
Жамбы атудан Шымкентте өтіп жатқан бірінші Азия чемпионаты қарсаңында Жамбы атудан Азия федерациясы құрылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оған 10-нан астам елдің ұлттық федерациялары кірді. Азия федерациясының басшысы болып қазақстандық кәсіпкер, Жамбы ату республикалық федерациясының президенті Еркебұлан Ілиясов сайланды, атқарушы директор болып Елнұр Исақұл бекітілді. Жаңадан құрылған федерацияның вице-президенті болып Қытай өкілі Джанг Ли тағайындалса, Оңтүстік Африка Республикасының азаматы Амали Речке бас төреші болды.
Жиын барысында Жамбы ату республикалық федерациясының вице-президенті Бақдәулет Сәбитов Азия жамбы ату федерациясының алдағы бес жылдық жұмыс жоспарымен таныстырды.
Жамбы атудан Азия федерациясының басты мақсаты – қазақтың мергендік өнері жамбы атуды 2030 жылы Дохада өтетін жазғы Азия ойындарына енгізу, – деді ол.
Өз кезегінде Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті Тастанбек Есентаев бүкіл әлем бойынша жамбы ату ұлттық спорт түріне деген қызығушылық артып келе жатқанын атап өтті.
Қазақтың ұлттық спорт түрлері барған сайын танымал бола түсуде. Жамбы атудан Азия федерациясының құрылуы ұлттық спортымыздың дамуына қосымша серпін беріп, оны бүкіл әлемге танымал етеді, – деді Тастанбек Есентаев.
Айта кетсек, 14-18 сәуір аралығында Шымкент қаласында тұңғыш рет Жамбы атудан ересектер арасында Азия чемпионаты өтіп жатыр. Чемпионатқа 13 елден келген 60 спортшы қатысуда. Жарысқа Индонезия, Кувейт, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Оман, Өзбекстан, Пәкістан, Ресей, Сауд Арабиясы, Сирия, Таиланд, Қазақстан спортшылары қатысып жатыр.
Еске сала кетсек, Республикалық жамбы ату федерациясы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Қауымдастық құрамында бұдан өзге «Бәйге», «Көкпар», «Аударыспақ», «Садақ ату», «Теңге ілу», «Құсбегілік», «Асық ату», «JORYQ» ат спорты және т.б. федерациялар бар. ҚР Ұлттық спорт қауымдастығын белгілі кәсіпкер, меценат, «Altyn Qyran Foundation» Қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқарады.