Этноспорт мектебінің алғашқы халықаралық семинар-тренингі өтті
Ұлттық спорт қауымдастығының жанынан құрылған Ұлттық спорт жоғары мектебі өз жұмысын бастады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Этноспорт мектебінің алғашқы халықаралық семинар-тренингі Шымкент қаласында теңге ілуден өткен ІІ Азия Кубогы аясында осы спорт түрінің төрешілеріне арналып ұйымдастырылды.
Төрешілер корпусына арналған халықаралық семинарға барлығы 45 адам қатысып, 23-іне арнайы сертификат берілді.
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қарсаңында ұлттық спорт саласында төрешілердің біліктілігін арттыру, қайта даярлау – ең күрделі мәселелердің бірі. Сондықтан Ұлттық спорт қауымдастығы осы бағытта жұмыс істеп жатыр, – деді Ұлттық спорт жоғары мектебінің директоры Қуандық Құдайбергенов.
Сонымен қатар, қазір Қызылордада көкпар спортының төрешілеріне арналған республикалық білім жетілдіру курсы өтіп жатыр. Мұнда Ұлттық спорт жоғары мектебінің бағдарламасы бойынша 18 төреші дайындалуда. Олар 15-19 сәуір аралығында 5 күн бойы білім жетілдіру курсынан өтеді.
Айта кетсек, еліміздің ұлттық спорт саласындағы мамандандырылған оқу орны – Ұлттық спорт жоғары мектебі Ұлттық спорт қауымдастығының жанынан құрылды. Ол мамандардың кәсіби біліктілігін арттырумен және мамандандырылған курстар, семинар-тренингтер өткізумен және ұлттық спорт саласында қолданбалы ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізумен айналысады. Мамандарды дайындау қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасында жаттықтырушылардың, төрешілердің және ұлттық спорт түрлері мамандарының біліктілігін арттыру курсынан өткені туралы арнайы сертификат беріледі.