Су тасқыны: eGov mobile қосымшасы арқылы өтініш беруге болады
Табиғи апат болып жатқан өңірлердегі жағдай онлайн бақылауға алынған
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ресми өкілі Альбина Атен су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтардың eGov mobile арқылы өтемақы алуға өтініш бере алатынын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бүгінде жаңа қызмет 5 өңірде іске қосылған.
Министрлік eGov mobile мобильді қосымшасында су тасқыны салдарынан келтірілген материалдық шығынды өтеу туралы өтініштерді қабылдауға арналған сервисті іске қосты. Қызмет су тасқынынан зардап шеккен Ақмола, Қостанай, Атырау, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы барлық азаматқа қолжетімді. Енді олар eGov mobile қосымшасы арқылы шығынды өтеу туралы арызды тікелей бере алады, - деді Атен Альбина ОКҚ-да өткен брифингте.
Сондай-ақ тұрғындар су тасқыны болып жатқан өңірлердегі жағдайды онлайн бақылай алады.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің бастамасымен Sergek Group компаниясымен бірлесіп, Gov.kz сайтында су тасқынына қарсы іс-шараларды көрсететін онлайн-трансляцияны іске қосты. Енді әрбір азамат онлайн-трансляцияны пайдаланып, Орал, Атырау, Қостанай қалаларындағы жағдайды көріп, су тасқынына қарсы қандай жұмыс істеліп жатқанын біле алады, - деді министрлік өкілі.
Айта кетейік, бұған дейін АШМ малынан айырылған шаруалардың қандай жағдайда өтемақы алатынын түсіндірген еді.