×

40 шақырым дамба қағаз жүзінде ғана қалды – Дидар Смағұлов

Биіктігі 2,5 метр бекіністің құрылысына 2021 жылдың соңында 2,2 млрд теңге бөлінген

 Дастан Жұмабекұлы 18.04.2024 | 15:02
Фото: facebook.com/saintdid

«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов әлеуметтік желіде сыбайлас жемқорлықтың кесірінен ақшасы желінген тағы бір құрылыс туралы айтты.

Белгілі заңгер Түркістан облысына сапарында бекіністің құрылысына бөлінген қаражаттың ұшты-күйлі жоқ болып кеткенін, оның орнына барғанда жер сипап қалғанын жеткізді. Ол бекініс орнының біраз уақыттан бері бос жатқанын көрсетті.

Міне, сіздер мына жерден биіктігі 2,5 метр бекіністі көріп тұрсыздар ма? Сіздерге көрінбей ме? Қалайша көрінбейді? Ол мына жерде тұр ғой. Иә, иә, қағаз жүзінде ғана тұр. Оның ұзындығы құжат бойынша 40 шақырым екен. Осы көзге көрінбейтін, қолға ұсталмайтын «дамбаның» құрылысына 2021 жылдың соңында 2,2 млрд теңге бөлініпті. Бұл «дамба» 2022 жылы бір рет тексерістен өткен екен. Сол кезде оны су шайып кетіп, «дамба» бұдан кейін мүлде жарамсыз болып қалған, – деді Дидар Смағұлов.

Оның айтуынша, былтыр 23 қарашада «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке күмәнді құрылысты тексеруге өтініш-хат жазған. Енді міне, содан бері 5 ай уақыт өтсе де жергілікті Антикордан ешқандай жауап келмеген.

Білесіздер ме, біз соңғы 2 жылда дамбаларды, плотиналар мен бекіністерді салу үшін 97 миллиард теңгенің бөлінгенін айтқанымызда, маған көп журналист хабарласты. Жағдайды түсіндіріп беруді өтінді. Мен барынша жауап беруге тырыстым. Ал Түркістан облысындағы жағдайға келсем, дамбаның құрылысын облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы тексереді екен. Бұл дегеніміз – облыстық әкімдіктің өзі тексереді деген сөз. Сонда әкімдік өз қолын өзі кесе ме деген сұрақ туындайды. Сіздер қалай ойлайсыздар? – деді заңгер.

Оның бұл сұрағына бір оқырманның «дамба құрылысына жетпеген ақшаның сұрауы болуы керек» деген пікірі жарияланған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама