×

Фэнтези жанрындағы «Гэп» кітабы Лондонның басты құпиясын ашады

«Болашақ» түлегінің кітабы сатылымға шықты

 Динара Амантай 18.04.2024 | 14:50
Гүлшат Сүйіндік, кітап авторы

Қазақстандық автор, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Гүлшат Сүйіндік фэнтези жанрында «Гэп» атты кітабын шығарды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Кітапта ғасырлар бойы Лондон тұрғындары үшін құпия болған, сиқырлы әлем үшін саяси тартыс туралы баяндалады.

Автор «Гэпті» өз жанры бойынша қалалық және саяси фэнтезидің тоғысқан тұсы деп түсіндіреді. Brexit саяси дағдарысының қызған тұсында жазылған кітап Ұлыбритания және оның саяси құрылымына субъективті көзқарасты көрсетеді.

«Гэп» идеясы Лондондағы алғашқы күннен бастап бірден ойға оралды. Себебі, біріншіден, оның сәулеті – таңғажайып әрі теңдессіз. Бірінен-бірі өтетін шоғырланған, бедерсіз үйлер мені қатты таңқалдырды. Содан кейін бұл образ идеяларға, кейін құрылым мен кейіпкерлерге айналды. Әрине, сол кездегі британдықтардың басты мәселесінің бірі – to leave or stay да тарихта көрініс тапты, - дейді Гүлшат Сүйіндік.

Pechorin.net Мәскеу әдеби порталы берген шолуда былай деп жазылған: «Басты кейіпкер барлық партиялармен ішінара таныса отырып, тіпті бастапқыда әрқайсысына сүйсіне қараса да кейін саяси ағымдардың бейтаныс кемшіліктерін, яғни «үлкен ойынның» екіжүзді мәнін көреді. Бұл – әділ және лайықты қорытынды және оған жету үшін кейіпкер өз тәжірибесінде көптеген дүниені бастан өткереді».

Кітап сюжеті Лондон көшелерінің бірінде, 32 жастағы Том Спарклиді Гэп деп аталатын, күміс сияқты жарқырайтын сиқырлы жерге әкелумен өрбиді. Соңғы рет Лондон тұрғындары фашистік бомбалау кезінде Гэпке кірген екен, содан бері олар сыртқы әлемнен оқшауда өмір сүрген. Том Спаркли Гэптің фантастикалық әлемі не себепті оған ашылғандығын білуге тиіс. МИ-6 құпия операциясы, Гэпте билік еткен саяси хаоспен бірге оны Лондонның ең маңызды құпиясы – Mind the Gap-ты ашуға бір табан жақындата түседі...

Мен өз төл туындымды 2019 жылдың жазында, сол кезде өзім тұрған Стратфорд ауданындағы кафелердің бірінде жаза бастадым. Ал соңғы тараулар 2020 жылдың көктемінде Лондонда қатаң карантинде отырған сәтте жазылды. Бұл қолжазба оны жариялауға шешім қабылдамастан бұрын, бір жылдан астам уақыт бойы өзгеріссіз жатты, - деді кітап авторы.

Кітапты Астана қаласындағы барлық «Meloman. Marwin» дүкендерінен сатып алуға болады. 

Автордан қолтаңба алу сессиясы Astana Eurasian Book Fair 2024 аясында осы жексенбі, 21 сәуірде 13:00-ден 15:00-ге дейін өтеді.

Айта кетсек, Гүлшат Сүйіндік – сайлауалды штабтардың, халықаралық спорттық іс-шаралардың пиар науқанын жүргізген қазақстандық PR-маман. 2020 жылы Goldsmiths, University of London-да магистратураны бітірді. Диссертация тақырыбы ретінде ол саяси процестердің қиял әдебиетіне және оның кино бейімделуіне әсері тақырыбына арнады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама