Спортшыларға арналған киім демеушілердің есебінен тігіледі
Биыл 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтетін Париж Олимпиадасына арналған ұлттық құрама спортшыларының киімі Қазақстанда тігілмейді. Бұл туралы туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Форма сапалы болады деп сенеміз. Себебі, қаңтарда үлкен комиссия құрылды. Оның ішінде 25 адам болды. Комиссия құрамына әлем және Олимпиада чемпиондары, қоғам белсенділері енді. Бірінші кезеңде 8 дизайнер қатысты. Нәтижесінде 6 форманың эскизін таңдап алдық. Алайда оның арасында дұрыс форма болмады. Сондықтан екінші кезеңін ұйымдастырдық. Нәтижесінде сіздерге көрсеткен форманы таңдап алдық, - деді Ермек Маржықпаев Мәжіліс куларында.
Министрдің айтуынша, Қазақстан спортшыларының Олимпиадаға арналған киімдерін тігуге мемлекет бюджетінен қаржы бөлінбейді. Спортшыларға арналған киім толықтай демеушілердің есебінен тігіледі.
«Киім сапалы болады. Спорт киімін Испанияның Joma компаниясы тігеді. Қаржы демеушілер есебінен болады. Жалпы, қазір қанша қаржы жұмсалатынын айта алмаймыз. Әзірге нақты соманы білмейміз, есептеп жатырмыз. Алдымен Париж Олимпиадасына қанша спортшымыз жолдама алатынын нақтылап алайық. Қазір қанжығамызда 32 лицензия бар. Ол – 31 адам. Тағы 50-70 лицензия аламыз деген сенім бар. Осыған байланысты қанша қаржы керектігін қарастырамыз», – деді министр.