Halyq Uni логотип
×

Тасқыннан кейін 5,8 мыңнан астам отбасы мемлекеттік қолдау алды

Павлодар, Қарағанды және Ақтөбе облыстарында тұрғын үйлердің құрылысы басталды

 Динара Амантай 18.04.2024 | 14:05
Тасқыннан кейін 5,8 мыңнан астам отбасы мемлекеттік қолдау алды
Фото: Мейірбек Тажқұранов

Су тасқынынан кейін 5,8 мыңнан астам қазақстандық отбасы мемлекеттік қолдау алды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Үкімет мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жойқын су тасқыны салдарынан зардап шеккен азаматтарға келтірілген залалды бағалау және өтеу бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.

Бүгінде арнайы құрылған өңірлік комиссияларға Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Абай және Ұлытау облыстарының тұрғындарынан 13 мың 577 өтініш түскен. 5 мың 803 отбасы 100 АЕК немесе 369 мың 200 теңге көлемінде 2 млрд теңгеден астам біржолғы төлем алды. 877 отбасыға келтірілген материалдық шығын үшін 380 млн теңге өтемақы төленді. Мал шығыны үшін берілген өтемақының жалпы көлемі 38,9 млн теңгеге жетті.

Бүгінде зардап шеккен өңірлерде 2 мың 602 тұрғын үй тексеріліп, олардың 1 мың 499-ына бағалау жүргізілді. Нәтижесінде 794 үйдің жөндеуге келетіні, 701 баспананың қалпына келтіруге жарамсыз екені анықталды. Қазір 197 отбасыға баспаналарын жөндеу үшін 218,6 млн теңге өтемақы төленді. 33 отбасыға қираған үйдің орнына жаңа баспана және пәтерлер берілді.

Павлодар, Қарағанды және Ақтөбе облыстарында тұрғын үйлердің құрылысы басталды. Бағалау және залалды өтеу бойынша тиісті жұмыстар жалғасып жатыр. Президент атап өткендей, барлық зардап шеккен азаматтарға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі.

Үкімет зардап шеккен азаматтардың барлығына қолдау көрсетеді. Біз су тасқыны салдарынан болған барлық шығынды өтейміз. Әрбір азамат, әрбір отбасы мемлекеттің қамқорлығында болады. Бұл – мен үшін басты міндет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысының эвакуацияланған тұрғындарымен кездесуінде.

Еске сала кетсек, бұған дейін су тасқыны салдарынан келген залалға өтемақы алу үшін іс-қимыл алгоритмі жарияланған болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама