×

Су тасқыны: 18 мыңнан аса адам үйлеріне оралды

Қазір 6 887 адам, оның ішінде 3 166 бала эвакуациялау пункттеріне орналасқан

 Дастан Жұмабекұлы 18.04.2024 | 10:26
фото: Halyq Uni

Төтенше жағдайлар министрлігі Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш ел аумағында су тасқыны жағдайы әлі де қиын болып тұрғанын айтты.

Су тасқыны қаупі төнген өңірлерде апаттық-құтқару жұмыстары, тасқынға қарсы іс-шаралар, оның салдарын жою жұмыстары жалғасып жатыр.

Су тасқынына қарсы іс-шаралардың нәтижесінде 18 651 адам өз үйлеріне оралды. Су тасқыны басталғалы бері барлығы 117 694 адам, оның ішінде 43 931 бала құтқарылып, эвакуацияланды. 113 852 мал қауіпсіз жерге айдалды, – деді ол.

Қазір 6 887 адам, оның ішінде 3 166 бала эвакуациялау пункттеріне орналасып отыр. 4 216 тұрғын үй мен 2 698 аула аумағынан судың бағыты бұрылды. 10,1 миллионнан астам текше метр еріген қар суы сорып шығарылды. 3,2 млн қапшық және 1,4 миллионнан астам тонна инертті материал төселді.

Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында 5 718 жеке тұрғын үй, 1 130 аула аумағы су астында қалған.

Апаттық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 44 156 адам, 4 611 техника, 860 су сору құралы, 332 жүзу құралы, 18 әуе кемесі жұмылдырылды. Сондай-ақ волонтерлер де белсенді көмектесіп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама