Halyq Uni логотип
×

Дархан Қыдырәлінің «Мұстафа» атты кітабының тұсауы кесілді

Алаш қозғалысының қайраткері жайлы тағы бір еңбек жарыққа шықты

 Гүлбаршын Нұрхан 17.04.2024 | 19:45
Дархан Қыдырәлінің «Мұстафа» атты кітабының тұсауы кесілді
photo @ Halyq Uni / Жансерік Күзембай

Астанада Eurasian Book Fair іс-шарасы өтіп жатыр. Шара аясында жазушы, академик, профессор Дархан Қыдырәлінің «Мұстафа» атты кітабының таныстырылымы өтті. 

Жаңа кітапты оқырманға таныстыру рәсімін белгілі жазушы Ұларбек Нұрғалым жүргізіп, оған бір топ жазушы мен оқырман қатысты. Сондай-ақ Алаш қозғалысының қайраткері Мұстафа Шоқай жайлы еңбектің тұсауын профессор Әділ Ахметов пен «Отандастар қорының» президенті Абзал Сапарбекұлы кітаптың тұсауын кесті. 

Кітаптың тұсаукесерінде Мұстафа Шоқай өмірінің көпшілікке беймәлім тұстары сөз болып, Алаш қайраткерінің қоғамдық-саяси салада атқарған істері мен өнегелі өмірі айтылды.

Кітап қазынамыздың көбейіп келе жатқанынын көріп қуанып отырмыз. Осының бәрі жүйелі жұмыстың нәтижесі. Жалпы бұл кітапта тарихи мәліметтер мен деректерді, архив материалдарды беруге тырыстық. Мұстафа Шоқайдың мұрасына деген қызығатындар көп деп ойлаймын, себебі Мұстафа жолы, оның мұратының қаншалықты тура екендігін уақыт өзі көрсетіп отыр, - деді кітап авторы Дархан Қыдырәлі. 

Филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Ахметов «Мұстафа» кітабының қазақ руханияты үшін маңызы жоғары екенін  атап өтті.

Мұстафа Шоқай - елдер арасындағы дипломатияны жалғастыратын алтын көпір. Ол қазақ тілін де, француз тілін де, сонымен қатар неміс тілін де жетік меңгерген полиглот, әлемге танымал тұлға. Бұл кітаптың жарық көргеніне қуанып отырмын. «Алтын шыққан жерді белден қаз» дейді ғой, әлі де зерттейтін дүниелер көп деп айтар едім. Кітаптың тұсаукесері құтты болсын, - деді Әділ Ахметов. 

«Отандастар қорының»  президенті Абзал Сапарбекұлы осындай туындылар еліміздің иммиджін қалыптастырып, ұлттық руханиятымызды насихаттайтынын айтты. 

«Бүгін еліміздің төрінде керемет мәдени іс-шара өтіп жатыр. Мұстафа Шоқайды білетін кісілер ол кісінің өнегелі өмірін үлгі етеді. Тарихи тұлғалардың өмірі мен күрескерлігіне арналған кітаптар жалпы Қазақстанның жақсы иммиджін, қазақтың рухани құндылығын танытады деп есептеймін», - деді Абзал Сапарбекұлы. 

Тарихи еңбектің оқырманға жол тартуына атсалысқан «Фолиант» баспасының директоры Нұрлан Исабеков кітап авторына шапан жауып, ризашылығын білдірді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама