Бектенов тасқыннан зардап шеккендерге өтемақы төлеуді апта соңына дейін аяқтауды тапсырды
Бүгінде зардап шеккен 3 561 отбасына жоғалған мүлкі үшін өтемақы төленді
Премьер-министр Олжас Бектенов су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға келтірілген залалды өтеу мәселесі бойынша кеңес өткізді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Жиында Қаржы министрі Мәди Тәкиев пен Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың баяндамалары тыңдалды.
Бүгінде зардап шеккен 3 561 отбасына жоғалған мүлкі үшін 100 АЕК мөлшерінде біржолғы өтемақы түрінде шамамен 1 млрд теңге төленді. Зардап шеккендерге өтемақы төлеу процесі осы аптаның соңына дейін аяқталады.
Баспанасынан айырылған тұрғындар үшін зардап шегушінің өз таңдауы бойынша жаңа үйлер салынады немесе нарықтан дайын баспана сатып алынады. Саяжай бойынша, егер олар зардап шеккен адамның жалғыз үйі болса, осындай тетік қолданылатын болады.
Кеңесте су тасқыны салдарынан зардап шеккен өңірлердің әкімдері келтірілген залалды өтеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың ағымдағы нәтижелерін баяндады. Мәселен, Павлодар облысында демеушілермен бірге 119 үй бойынша залал өтеліп, тұруға жарамсыз 5 үйдің құрылысы басталды. Қостанай облысында зардап шеккендер үшін 27 пәтер сатып алынды, 1 600 отбасына әлеуметтік көмек төленді. Арқалық қаласында отбасылар ертең жаңа үйге қоныстанады. Ақтөбе облысында 44 отбасына 94,3 млн теңге көлемінде материалдық шығын өтеліп, 57 жаңа үйдің құрылысы басталды.
Әкімдіктердің жедел деректері бойынша бүгінде зардап шеккен үйлер саны – 9 627, оның 9 610-ы – жеке, 17-сі – көппәтерлі тұрғын үй. 2 123 үйге жүргізілген техникалық тексеру нәтижелеріне сәйкес, 1 067 үйдің қалпына келтіруге жатпайтыны анықталды, ал 1 056 үйге жөндеу жұмыстарын жүргізуге рұқсат етілген.
Зардап шеккен тұрғын үйлерге келтірілген залалды бағалау жұмыстары жалғасып жатыр. Үкімет басшысы бұл алдын ала жасалған деректер және бірқатар өңірдегі күрделі су тасқыны жағдайын ескере отырып, шығын ауқымы арта түсуі мүмкін екенін атап өтті.
Президент су тасқынынан зардап шеккен азаматтардың барлығына барынша көмек көрсетуді басты міндет етіп қойды. Су тартылған өңірлерде әкімдіктер зардап шеккен азаматтардың, жоғалған немесе бүлінген мүліктердің тізімін жасау және бағалау жұмыстарын аяқтап, шығындарды өтеуге кірісуі керек. Бұл ретте тізімге үйлері сау, ешқандай зардап шекпеген адамдар кіріп кетпеуге тиіс. Комиссиялардың жұмысын ешқандай бюрократияға салмай, жедел ұйымдастыру қажет. Барлық тиісті қызметтер жұмылып, күшейтілген режимде жұмыс істесін, – деді Олжас Бектенов.
Зардап шеккен өңір әкімдіктеріне жауапты тұлғаларды жекелеген учаскелерге бекіте отырып, су басқан ғимараттарды техникалық тексеру жұмыстарын жедел аяқтау, жобаларды жергілікті жерге байланыстыру үшін тез арада жаңа жер телімдерін анықтау тапсырылды. Премьер-министр ықтимал су тасқынынан барынша қауіпсіз, даму перспективасы жоғары және инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген дайын учаскелерді пайдалануды басымдық ретінде белгіледі.