×

Құлсары қаласының 26 мыңнан астам тұрғыны Маңғыстау облысына эвакуацияланды (ВИДЕО)

Адамдар уақытша орналастыру пункттеріне, туыстары мен еріктілердің үйлеріне орналастырылды

 Дастан Жұмабекұлы 17.04.2024 | 10:17
фото: Нуржан Рысбеков

Атырау облысындағы су тасқыны жағдайына байланысты Құлсары қаласынан Маңғыстау облысының қалалары мен аудандарына 26 мыңнан астам адам эвакуацияланды.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметіне қарағанда, адамдар уақытша орналастыру пункттеріне, туыстары мен еріктілердің үйлеріне орналастырылды.

Үкімет тапсырмасымен қауіпсіз жерге көшірілген халыққа Мемлекеттік материалдық резервтер комитеті материалдық құндылықтар қорынан азық-түлік, төсек-орын жабдықтары мен басқа да заттарды береді.

Еліміздің солтүстік өңірінде де халық су тасқынынан қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр. ТЖМ құтқарушылары республикалық маңызы бар «Жезқазған-Петропавл» автожолындағы «Южный» блокбекетінде Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданының Бескөл ауылына баратын адамдар мен жүктерді, оның ішінде гуманитарлық жүктерді тасымалдауды ұйымдастыруда.

Мысалы, үш тәулікте 14 мыңнан астам адам көшірілді. Оның ішінде балалар мен ауыр науқастар бар. 40-тан астам жүк және жеңіл автокөлік басқа жерге жеткізілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама