×

Майқайыңдағы апат: сот компанияның 100% кінәлі екенін анықтады

Компания басшылығы жазатайым оқиғаға өздерінің қатысы жоқ екенін айтып, дауласты

 Халық үні 16.04.2024 | 22:38
Фото: gov.kz/Төтенше жағдайлар министрлігі

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты «Майқайыңалтын» АҚ кенішіндегі апатқа жұмыс беруші 100% кінәлі деп тапты.

2024 жылдың 4 қаңтарында «Майқайыңалтын» АҚ Майқайың жерасты кенішінің аумағында «КӘАҚҚ» ЖШС қызметкерлері мінген автобус тазарту кеңістігіне құлап кеткен еді. Соның салдарынан 2 адам қаза тауып, қалған екеуі хабар-ошарсыз жоғалған болатын.

ЕХӘҚМ Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті төрағасының 2024 жылғы 4 қаңтардағы бұйрығымен Еңбек кодексінің 188-бабы 3-тармағына сәйкес, еңбек қызметіне байланысты өлімге әкеліп соққан жазатайым оқиғаның себептерін тергеу мақсатында комиссия құрылды. 

Тергеу қорытындысы бойынша комиссия топтық жазатайым оқиғаны тергеу актісін жасап, оған жұмыс берушінің 100% кінәсі бар екендігі анықталды. Ал «Майқайыңалтын» АҚ басшылығы жазатайым оқиғаға өздерінің қатысы жоқ екенін айтып, дауласты.   

Істі қарау кезінде сот тау-кен массасының кеңістікке құлауы салдарынан топтық жазатайым оқиғаның себептеріне мыналарды жатқызды:

  • «Майқайыңалтын» АҚ жауапты тұлғалары тарапынан тау-кен жұмыстарының қауіпсіз жүргізілуіне өндірістік бақылауды тиісінше іске асырмай, жұмыс өндірісін қанағаттанарлықсыз ұйымдастыруы;
  • Тау-кен және геологиялық барлау жұмыстарын жүргізетін қауіпті өндірістік объектілер үшін өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларын бұза отырып, блоктарды пысықтау кезінде опырылу процесін тиісті деңгейде бақыламау;
  • Талапкердің кен қазбаларын пысықтау кезінде қазба бірліктерін (блоктарын) жетілдіруге арналған жобалары болмаған (әзірленбеген). 

Деректер мен басқа да мән-жайлар сотта зерттелген тергеу материалдарымен, оның ішінде сараптамалар мен кіші комиссиялардың қорытындыларымен расталды.

Жазатайым оқиға жұмыс уақытында «КӘАҚҚ» ЖШС қызметкерлерінің еңбек міндеттерін орындау кезінде болған. 

«Майқайыңалтын» АҚ жауапты тұлғаларының әрекеттерінен (әрекетсіздігінен) туындаған жазатайым оқиғаның себептерін негізге ала отырып, талапкердің 100% кінәсі бар деп танылды. Осыған байланысты сот Еңбек комитеті мен ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетіне талап қоюды қанағаттандырудан бас тартты.

Сот ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетін тиісті емес тұлға ретінде таныды.  

Шешім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, биыл 4 қаңтарда «Майқайыңалтын» АҚ аумағында 4 адам отырған автобус опырылған шұңқырға құлап кеткен еді. Салдарынан 2 құтқарушы көз жұмды, қалған 2 адам (1 құтқарушы, 1 жүргізуші) әлі табылмай жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама