×

Тоқаев Қостанай облысындағы тасқынға байланысты жағдаймен танысты

Өңірдегі 6 аймақта төтенше жағдай жарияланған

 Динара Амантай 16.04.2024 | 16:58
Фото: t.me/aqorda_resmi

Солтүстік Қазақстан облысынан кейін президент борты Қостанай облысына ұшып барды. Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі қазіргі ахуалмен танысу үшін тікұшақпен су басқан аумақтарды аралап көрді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов су тасқынына байланысты өңірдегі 6 аймақта төтенше жағдай жарияланғанын атап өтті. Облыстағы 492 ауылдың 11-і су тасқынынан зардап шеккен. Қазір жағдай тұрақталды. Алайда әлі де 51 үй су астында қалып отыр. Бұдан бөлек, 4 көпірді, 7 жол учаскесін су шайып кеткен, 1 414 электр бағанына нұқсан келді. Салдарынан Қостанай мен облыстың оңтүстігіндегі аудандар арасында көлік қатынасы қиындап, 13 елді мекенді электрмен қамтамасыз ету мәселесінде түйткілдер пайда болды.

Сонымен қатар, президентке облыстың негізгі гидротехникалық нысандарының, атап айтқанда Қаратомар, Жоғарғы Тобыл және Желқуар су қоймаларының жай-күйі жөнінде мәлімет берілді. Құмар Ақсақалов елді мекендер мен инфрақұрылымдарға төнетін қауіптің алдын алу үшін су қоймаларынан жіберілетін су мөлшері ұдайы бақылауда ұсталатынын айтты.

Жалпы, өңірдегі дамбаларды бекіту, инертті материалдарды төгу нәтижесінде Тобыл қаласын, Амангелді ауданының орталығын және басқа да елді мекендерді су басу қаупінен сақтап қалу мүмкін болған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама