Жазғы Олимпиялық ойындардың алауы жағылды
Эстафетада алауды барлығы 600-ден астам адам алып жүреді
Грекияда ежелгі Гера храмында жазғы Олимпиялық ойындардың алауын ресми түрде жағу рәсімі өтті.
Ежелгі Олимпиаданың алауы күн сәулесінен тұтанды. Грекияның белгілі актрисасы Мэри Мина Аполлонға дұға оқып, Зевстен чемпиондардың көп болуын тілеп, алауды салтанатты жағдайда ескек есуден Токио Олимпиадасының чемпионы Стефанос Дускоске тапсырды. Содан кейін алауды жүзуден 2004 жылғы Олимпиялық ойындардның чемпионы, франциялық Лор Маноду ұстайды. Үшінші кезеңді Еурокомиссия басшысының еуропалық өмір салтын қорғау жөніндегі орынбасары Маргаритис Схинасқа сеніп тапсырылып отыр.
Салтанатты шараға Грекия президенті Катерина Сакеларопулоу, Халықаралық Олимпиада комитетінің басшысы Томас Бах, Париж қаласының мэрі Анн Идальго мен басқа да лауазым иелері қатысты.
Грекия аумағында алауды 600 адам алып жүреді. 26 сәуірде алау Афинаға оралып, Франция елшілігінде бір күн аялдайды. Содан соң, Олимпиаданы қабылдайтын елге 120 жылдың тарихы бар үш матчалы «Белем» желкенді кемесі арқылы жіберіледі. Алау Марсель айлағына 8 мамырда келеді.
Әрі қарай Олимпиада алауының эстафетасы Францияда басталады.
Олимпиаданың ашылу салтанаты 26 шілдеде Парижде өтеді. Ойындар 11 тамызға дейін жалғасады.