×

Қазақстан, Куба, Өзбекстан боксшылары бірге жаттығып жатыр

Түркістанға Бостындық аралының атақты былғары қолғап шеберлері де келді

 Дастан Жұмабекұлы 16.04.2024 | 15:24
Фото: olympic.kz

Бокстан Қазақстан құрамасы Түркістан облысындағы «Алма тау» базасында бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Оған Қазақстан боксшыларымен бірге, Өзбекстан мен Куба құрамалары да қатысуда. 

Қазақстан командасы сапында Париж Олимпиадасына жолдама алған 6 боксшы мен Таиландта өтетін соңғы лицензиялық жарысқа қатысатын Мұхаммедсабыр Базарбайұлы бар. Бұл жарыс 26 мамыр мен 3 маусым аралығында өтеді.

Өзбекстан командасы жаттығу жиынына 12 боксшысын алып келді. Олардың қатарында әлем чемпиондары Руслан Абдуллаев пен Абдумалик Халоков, Олимпиада чемпионы Баһадүр Жалолов бар. 

Куба құрамасынан жаттығу жиынына Алехандро Кларо Фис, Сейдел Норта, Арлен Лопез бен Хулио Сезар Ла Круз келді.

Бірлескен жаттығу жиыны 21 сәуірге дейін жалғасады. 

Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасы Алматы облысындағы Akbulak Olympic center базасында кезекті оқу-жаттығу жиынын бастады. Бұл – бас бапкер Елдос Сайдалин үшін жаңа қызметтегі алғашқы жиын. Бағдарламаға бұрын-соңды болмаған интенсивті жаттығу түрі енгізілген.

Боксшылардың негізгі мақсаты – Тайландта өтетін лицензиялық турнирге тыңғылықты дайындалу.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама