Halyq Uni логотип
×

Қарағанды облысында әйел 3 млн теңгесінен айырылып қала жаздады (ВИДЕО)

Полиция қазақстандықтарды сақ болуға шақырады

 Дәурен Ерболат 16.04.2024 | 13:40
Қарағанды облысында әйел 3 млн теңгесінен айырылып қала жаздады (ВИДЕО)
Скрин видео

Қарағанды облысында әйел интернет-алаяқтарға алданып, 3 млн теңгесінен айырылып қала жаздады, деп хабарлады Polisia.kz.

60 жастағы қарағандылық полиция мен банк қызметкерлеріне алғыс айтты. Ол интернет-алаяқтардың құрбаны боламын деп мүлде ойламаған.

Маған WhatsApp арқылы қаржылық заң бұзушылықтардың алдын алу үшін қызметкерлердің есепшотын тексеріп жатырмыз деген хабарлама келді. Бірақ 15 минут өткен соң телефоныма белгісіз біреу қоңырау шалып, өзін құқық қорғау органының қызметкерімін деп таныстырды. Ол менің есепшотым арқылы есірткі қылмысынан түскен ақша түсіп жатқанын айтты. «Қызметкер» жеке сәйкестендіру нөмірімді ешкімге бермеуді сұрады, - деді әйел.

Осыдан кейін жәбірленушіге басқа бір адам қоңырау соғып, өзін банк қызметкерімін деп таныстырған.

Ол менің атыма 8 несие рәсімделгенін айтты. Сөйтіп, маған басқа банктен несие алып, жиналған қарызды жабуға кеңес берді. Алайда бірінші және екінші рет қоңырау соққан адамдар менің жасап жатқан әрекетімді ешкімге айтпауды сұрады. Осыдан кейін олар телефон арқылы әрбір басқан қадамым бойынша нұсқау беріп отырды. Мен қаладағы банктердің біріне барып, 3 млн теңге несие рәсімдеп, оны қолма-қол ақша ретінде алдым, - деді ол.

Алайда әйел «қызметкерлердің» кейінгі әрекетінен күмәндана бастаған.

Олар басқа банкке барып, WhatsApp желісіне жіберілген есепшотқа алынған ақшаны жіберуді талап етті. Сол жерге барғанда банк операторы жіберілген есепшоттың шетелде тіркелгенін айтты. Менде күдік туды. Сол кезде маған банктің бөлім басшысы келіп, болып жатқан жағдайды айтуын сұрады. Барлығын айтып бердім. Содан кейін ол полиция қызметкерлерін шақырды, – деді жәбірленуші.

Банкке облыстық ПД криминалдық полиция басқармасы киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері келген. Олар әйелді алаяқтардың құрбаны болудан аман сақтап қалды.

Тәртіп сақшылары қала тұрғындарына банк немесе құқық қорғау органының қызметкерімін деп белгісіз адамдар қоңырау шалса, бірден телефон тұтқасын қойып, полицияға хабарласуды сұрайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама