Жетісу облысында синтетика өндірген ірі есірткі зертханасы жойылды
Тінту кезінде 28 мың АҚШ доллары табылып, тәркіленді
Жетісу облысында синтетика өндірген ірі есірткі зертханасы жойылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Өңір полициясы мен Жетісу облысы бойынша ҰҚКД қызметкерлері прокуратураның үйлестіруімен синтетикалық есірткі өндіретін ірі есірткі зертханасын жою бойынша бірлескен арнайы операция жүргізді.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында құқық қорғау органдары Алматы облысы Іле ауданының аумағындағы саяжайда синтетикалық есірткіні өндірумен айналысқан алматылық 22 жастағы әйелді ұстады. Жауап алу кезінде оның жоғары ақы төленетін жұмысты Telegram арнасы арқылы тапқаны белгілі болды, – деді Жетісу облысының ПД бастығы Сарқытбай Құсайынов.
Саяжай үйін тінту кезінде шамамен 44 келі мефедрон және 2 келі «пирролидиновалерофенон – Α-PVP» синтетикалық заты, есірткі өндіруге қажетті реактивтер мен құралдар, сондай-ақ 28 мың АҚШ доллары табылып, тәркіленді.
Құқық қорғау қызметкерлері 45 келіден астам синтетикалық есірткіні тәркіледі. Бұл – бір рет қолданатын 90 мың дозаға тең. Оның құрамы тиісті сараптамамен расталды. Есірткі заттарын заңсыз жасау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр, – деп түйіндеді сөзін Сарқытбай Құсайынов.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, есірткі Қазақстан аумағында сатуға арналған.