×

Балабақшаларға қойылатын талаптар күшейтілетін болды

Атқарылатын жұмыс бес бағыт бойынша жүргізіледі

 Динара Амантай 02.06.2022 | 09:50
Фото: 76.almatybala.kz

Соңғы кездері балабақшаларда балалардың құқықтары бұзылған фактілер жиі көрініс тауып отыр. Көпшілік бұндай жағдайлар туралы ондағы орнатылған бейнекамералардың арқасында біліп,  құзырлы органдар тарапынан тиісті шаралар қабылданып жатқаны белгілі. Бұл балабақшаларға қойылатын талаптарды күшейту қажеттілігінің өзектілігін растайды. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.

Он жылдан астам уақыт бұрын балабақшалар санының жылдам өсуін ынталандыру үшін лицензиялаудан, кейін мемлекеттік бақылаудан, мониторингтен және олардың қызметін реттеуден бас тарту туралы шешім қабылданды. Нәтижесінде жекеменшік балабақшалар саны күрт артып, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалар бірден 99%-ға дейін балабақшамен қамтылды. Алайда олардың санын көбейтуге мүмкіндік болса да, сапа мәселесі өзекті болып қала береді.

Министрдің айтуынша, балабақшалардың жартысы техникалық және санитарлық талаптарға сай келмейтін ғимараттарда, білікті мамандарсыз және қауіпті жағдайларда ашылған. Екі жыл бұрын ведомство лицензиялау мен мемлекеттік бақылауды қайтаруға әрекет жасаған. Алайда сол кезде кәсіпкерлер палатасының, балабақшалар қауымдастығының және бірқатар мемлекеттік органның ұстанымы бұл норманы заңға енгізуге мүмкіндік бермеді. Балама шара ретінде министрлік былтырдың соңында мемлекеттік аттестаттау жүйесін енгізді. Оның нәтижесінде тексерістен өткен балабақшалардың 80%-ы мемлекеттік аттестациядан өте алмады.

Әңгіме балабақшадағы бүлдіршіндерге қолайлы жағдай жасалмауы, оқу-тәрбие жұмыстарының мемлекеттік білім беру стандартына, қауіпсіздік техникасы, өрт және санитарлық нормалардың талаптарға сәйкес келмеуі, тәрбиешілердің қол көтеруі және басқа да келеңсіз фактілер туралы болып отыр, – деді Аймағамбетов.

Оның мәлімдеуінше, балабақшалардың қызметін оңтайландыру бойынша ведомство бес бағыт бойынша жұмыс істеп жатыр:

 1. Лицензиялауды қайтару.

 2. Жұмыс жағдайлары мен сапасын тексеріп, барлық балабақшаны аттестациялаудан өткізу.

 3. Балабақшаларға мемлекеттік тапсырыстарды орналастыруға қойылатын талаптарды күшейту.

4. Мектепке дейінгі мекеме қызметкерлерінің кадрлық әлеуетін арттыру. Колледждер мен ЖОО-ларда мамандарды даярлау сапасын арттыру.

5. Мектепке дейінгі білім берудің жаңа моделі бойынша бағдарламалардың мазмұнын жаңарту.

Сонымен бірге Аймағамбетов соңғы жылдары балабақша тәрбиешісі мамандығына оқуға түсуге конкурс күрт төмендеп кеткенін айтты. Ынталандыру мақсатында тәрбиешілердің жалақысы жыл сайын 25%-ға өскенімен, базалық жалақының аздығынан ол әлі де болса жеткіліксіз болып отыр.

Қазір біз бірнеше балабақшада пилоттық жоба бастадық. Бұл жоба бойынша екі тәрбиеші жарты күн емес, күні бойы жұмыс істеп, екі есе жалақы алады. Кейін пилоттық жоба нәтижесі бойынша шешім қабылданады. Әрине, жекеменшік балабақша ашатын кәсіпкерлерді қолдау маңызды екенін түсінеміз. Бірақ біздің жұмысымыздағы басты бағыт – балалардың қауіпсіздігі және оларға қолайлы әрі сапалы жағдай жасау. Мұндай ережелер ата-аналар үшін маңызды және адал кәсіпкерлер үшін пайдалы деп есептеймін, – деп қорытындылады министр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама