×

Солтүстік, шығыс және оңтүстікте тасқын қаупі сақталады

Еліміздің басым бөлігінде жаңбыр жауып, жел күшейеді

 Дәурен Ерболат 16.04.2024 | 11:23
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Қазақстанның солтүстік, шығыс және оңтүстік бөлігінде су тасқыны қаупі сақталады. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы Алина Ысмағұлова айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, атмосфералық бөліністердің өтуіне байланысты еліміздің басым бөлігінде ауа райы жауын-шашынды болады.

Оңтүстік-шығыс пен оңтүстіктегі тау аудандарында қатты жауын-шашын болады деп болжанады. Мұнда көбіне жаңбыр жауады. Сондай-ақ Қазақстанда найзағай ойнап, тұман түсіп, жел күшейеді, ал оңтүстікте дауыл соғады, - деді Алина Ысмағұлова ОКҚ-да өткен брифингте.

Өткен тәулікте ауа райының қолайсыздығына байланысты Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Абай, Түркістан, Алматы облыстарында 4 гидрологиялық ескерту жарияланды.

«Солтүстік Қазақстан облысына тоқталайын. Биыл 15-19 сәуір аралығында Ақмола облысынан бүйірлік ағындардың (Терісаққан, Жабай және Қалқұтан өзендері) келуіне байланысты Есіл өзені бойындағы Ғабит Мүсірепов, Шал ақын және Есіл аудандарында су деңгейінің көтерілу қаупі сақталады және су тасқынының екінші толқыны болуы мүмкін.

Шығыс Қазақстан және Абай облыстары бойынша. 15 сәуірде сағат 14:00-дегі жағдай бойынша Ертіс-Абылайкит өзенінің гидрологиялық бекетінде су деңгейі 313 см болды, ал шекті деңгей – 300 см. Сағат 8:00-ден 14:00-ге дейін су деңгейінің көтерілуі – 90 см. Өскемен СЭС-інен төгімнің ұлғаюынан су деңгейінің көтерілу қаупі бар. Шекті деңгейден 13 см асуы байқалды.

16-17 сәуір аралығында Алматы және Түркістан облыстарындағы таулы және тау етегіндегі аудандарда қатты жауын-шашын салдарынан өзендерде су деңгейінің көтерілу қаупі сақталады. Сондай-ақ автожолдарды, елді мекендерді және шаруашылық нысандарды су басуы мүмкін», - деді «Қазгидромет» РМК өкілі.

Бұған дейін табиғи апаттан 113 мыңнан аса адамның құтқарылғаны хабарланған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама