×

Су тасқыны: 40 мыңға жуық бала эвакуацияланды

Бүгінде 7 мыңға жуық үй су астында

 Дәурен Ерболат 16.04.2024 | 10:41
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Бүгінде су тасқынынан 113 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Оның шамамен 40 мыңы – бала. Бұл туралы ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Осы сағатта 13 543 адам үйіне оралды, 7 мың 14 адам, оның ішінде 3 144 бала эвакуациялау пунктеріне орналастырылды. Су тасқыны басталғалы бері барлығы 113 693 адам, оның ішінде 39 922 бала құтқарылды. 107 613 бас мал қауіпсіз жерге айдалды. 3 570 тұрғын үй мен 2 195 ауладан судың бағыты бұрылды. Қазір Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында 5 708 тұрғын үй, 1 609 аула және 2 035 саяжай су астында, - деді Ерасыл Сайпаш ОКҚ-да өткен брифингте.

Бүгінде 9 млн 700 мың текше метр қар суы сорылып, тасқынға қарсы 2 млн 400 мың қапшық, 1 млн 200 мыңнан аса тонна инернетті материал төселді.

Сондай-ақ апаттық-құтқару жұмыстарына 34 мың адам, 4 242 техника, оның ішінде 890 су сору құралы, 335 жүзу құралы және 19 әуе кемесі тартылған.

Еліміздің 8 өңірінде Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Атырау, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында жергілікті ауқымдағы 38 төтенше жағдай әрекет етеді. ТЖМ қазақстандықтарды су тасқыны кезеңінде қауіпсіздік шараларын мүлтіксіз орындау, үйлерден, эвакуациялау пунктерінен рұқсатсыз шықпау, балаларды қараусыз қалдырмау керектігін ескертеді, - деді аға-офицер.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама