Қостанайда ішімдік сатқан 53 дүкен иесі жауапқа тартылды

Динара Амантай

Екі дүкен спирттік ішімдіктер сату лицензиясынан айырылды

Фото: polisia.kz

Қостанай облысында 53 дүкен иесі алкоголь өнімдерін сатқаны үшін жауапкершілікке тартылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Сот барлығына субъектіге байланысты 30 АЕК мөлшерінде айыппұл тағайындады. Екі дүкен спирттік ішімдіктер сату лицензиясынан айырылды. 51 кәсіп иесінің лицензиясы 1 айдан 3 айға дейін тоқтатылды. Мас күйінде жасалған құқықбұзушылықтардың алдын алу үшін полицейлер профилактикалық рейдтер жүргізіп жатыр.

Жыл басынан бері учаскелік полиция инспекторлары алкогольді сатуға тыйым салу туралы 1,5 мыңнан астам хабарлама мен жадынама таратты. Профилактиканың арқасында өңірде мас күйінде жасалған қылмыс 17,2%-ға төмендеді. Қостанай облысының ПД 21 жасқа толмаған адамдарға алкоголь өнімін сатқаны үшін жеке тұлғаларға 10 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 40 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 80 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 120 АЕК мөлшерінде айыппұл мен лицензияны тоқтату көзделгенін атап өтті.

Мейрамханаларда, барларда және дәмханаларда сатуды қоспағанда, алкоголь өнімін бөлшек саудада сатқаны үшін (этил спиртінің көлемдік үлесі 30 пайыздан асатын) келесі күні сағат 21:00-ден 12:00-ге дейін жеке тұлғаларға 10 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 40 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 80 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 120 АЕК мөлшерінде айыппұл және лицензияның қолданылуын тоқтату жазасы қарастырылатын болады.

Жалпы, қоғамдық орындарда мас күйінде болғаны үшін полиция облыстың 3 мың 600-ден астам тұрғынын әкімшілік жауапкершілікке тартты.