×

Екібастұзда тойға барған қонақтар күтпеген жағдайға тап болды

Науқастардың жағдайы орташа ауыр

 Халық үні 16.04.2024 | 07:17
фото: tengrinews.kz

Екібастұзда тойға жиналған қонақтар тамақтан жаппай уланып қалды. Соңғы екі күнде Екібастұз қалалық ауруханасына жалпы саны 32 адам қаралған. Олардың барлығында тамақтан улану және бактериалды-ішек инфекциялары белгілері болған.

Бұл туралы Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

«2024 жылғы 14 сәуірден бері Екібастұздағы қалалық ауруханаға пациенттер тамақтан улану және бактериалды-ішек инфекциялары белгілерімен жаппай келе бастаған. Олардың бойында құсу, әлсіздіктің дендеуі, іш құрылысының ауыруы, дене қызуының көтерілуі белгілері бар. Эпидемиологиялық анамнезді жиыстыра келгенде олардың барлығы 13 сәуір күні Екібастұз қаласындағы әлдебір дәмханада өткен шарада қонақ болғаны анықталды. Пациенттер қабылдау бөлімінде қаралудан өткен соң барлығына шұғыл түрде медициналық көмек көрсетіліп (асқазандары шайылды), жұқпалы аурулар бөлімшесіне жатқызылды. 14 сәуірден бері ауруханаға осындай диагнозбен жалпы саны 32 адам келген», деп мәлімдеді баспасөз қызметінен.

Белгілі болғандай, емдеу ұйымына қаралған 32 адамның төртеуі ауруханаға жатудан өз еркімен бас тартқан. Өзгелері қазіргі уақытта ем қабылдап жатыр. Науқастардың жағдайы орташа ауыр делініп отыр.

https://t.me/ekibasvteme телеграм арнасының хабарлауынша, 13 сәуір күні «Grand Hall» мейрамханасында өткен қыз ұзату тойына 200-ден астам қонақ қатысқан. Олардың көбі Қарағанды, Астана, Павлодар және Ақсу қалаларынан келген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама