СҚО-да су тасқыны кезінде жалған ақпарат таратқандар анықталды

Динара Амантай

Олардың бірі тасқын судан екі бала қайтыс болды деген ақпарат таратқан

Фото: Halyq Uni

СҚО-да су тасқыны кезінде жалған ақпарат таратқандар анықталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

TikTok әлеуметтік желісінде Петропавлдағы су басқан Ойқала ауданында сумен бірге қасқырлар мен жабайы қабандар пайда болды деген хабарлама шықты. Полицейлер жалған ақпарат таратқан азаматты анықтады. Ол Петропавлдың 20 жастағы тұрғыны болып шықты.

Ер адамның құрдасы дәл осы әлеуметтік желіде тасқын судан 2 бала қайтыс болды деген ақпарат таратқан. Ол ақпарат та жалған.

Шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты таратушылардың екеуіне де қатысты әкімшілік материал жиналады. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 456-2-бабы 3-бөлігіне сәйкес, оларға 20 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады, – деп хабарлады СҚО ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы.