Жапония Қазақстандағы жер сілкінісін зерттемек

Дәурен Ерболат

Алматыда арнайы семинар өтеді

Фото: Halyq Uni

Жапон ғалымдары Қазақстандағы жер сілкісін зерттейді. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі. 

Биыл 16-19 сәуір аралығында Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің жанындағы KazAID халықаралық даму агенттігі Алматы қаласында сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері бойынша жапон мамандарының қатысуымен арнайы семинар өткізеді. Іс-шараны Жапонияның JICA халықаралық даму агенттігі, Құрылыс саласындағы ғылыми зерттеу және жобалау институты, Төтенше жағдайлар және табиғи апаттар қаупін азайту орталығы бірлесіп ұйымдастырады, - деді Айбек Смадияров СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Семинарда жапон ғалымдары Орталық Азияның және Кавказ елдерінің өкілдерімен бірлесіп, сейсмикалық қауіпсіздік саласында тәжірибе алмасады.

«Олар сейсмикалық оқшаулау саласындағы озық технологиялар мен стандарттар туралы пікір алмасып, сейсмикалық құрылыстағы әлеуетті ынтымақтастықты талқылайды. Сарапшылар Алматы және Ното қалаларындағы соңғы жер сілкінісін зерттейді. Бұл болашақта сейсмикалық тәуекелдің алдын алу стратегиясын әзірлеуге өз септігін тигізеді», - деді ресми өкіл.