×

Иран-Израиль қақтығысы: СІМ шетелдегі қазақстандықтарға үндеу жасады

Жағдайды ведомство өкілдері бақылап отыр

 Дәурен Ерболат 15.04.2024 | 16:31
фото: Halyq Uni

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Иран мен Израильдің арасындағы жағдайдың ушығуына байланыс екі елде жүрген қазақстандықтарға үндеу жасады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында Айбек Смадияровқа «Өткен аптада Иран Израильге әуе шабуылын жасады. Салдарынан екі елдің арасында соғыс қаупі туындады. Осыған байланысты Иран мен Израильдегі қазақстандықтар елшіліктен көмек сұрады ма?» деген сұрақ қойылды.

Ресми өкіл жағдай бақылауда екенін жеткізді. 

Жағдай оңай емес... Егер біздің азаматтар сол өңірде жүрсе, өз қауіпсіздігін ойлауы керек. Алайда қос елдегі Қазақстан елшілігі 24 сағат бойы жұмыс істейді. Олардың телефон нөмірі интернетте көрсетілген. Қазақстан азаматтары Иранда да, Израиль де бар. Жағдай қатты күреленіп жатса, мемлекет бәріне көмектеседі. Әзірше бәрі дұрыс, - деді ол.

Айбек Смадияровтың айтуынша, бүгінде Израиль аумағында консулдық есепте тұрған 123 қазақстандық бар. 

Оның ішінде Қазақстан елшілігі қызметкерлері мен отбасы мүшелері де бар. Бірақ кейбір расталмаған деректер бойынша, Израильде қосымша 100-ге жуық Қазақстан азаматы болуы мүмкін. Олар консулдық есепке мүлде тұрмаған. Бірақ енді бір-бірімен неше түрлі чаттарда, әлеуметтік желі арқылы араласып жатады, сол арқылы біліп жатамыз. Ондай азаматтарды консулдық есепке тұруға мәжбүрлей алмаймыз, - деді ресми өкіл.

Сондай-ақ Иранда консулдық есепте 104 қазақстандық тұр.

«Оның арасында Қазақстан елшілігінің қызметкерлері және солардың отбасы мүшелері бар. Бұған қоса, Иран аумағында жұмыс істейтін қазақстандық компаниялардың бірінде 174 қызметкер бар. Олар  вахталық тәсілмен жұмыс істегендіктен консулдық есепке тұрмайды. Олардың бәрімен тікелей  байланыс орнатылған, бәрі бақылауда», - деді Айбек Смадияров.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама