Малын құтқарамын деп суға түсіп, соңында өзі шыға алмай қалған
Түркістан облысында патрульдік полиция батальонының инспекторлары Дәулет Сағынбаев пен Нұрғали Сапархан жас жігітті ажалдан арашалап қалды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Республикалық маңызы бар Сарыағаш-Жетісай-Жібек Жолы тасжолының 155-130 шақырымында кезекшілікке түскен полицейлер күндізгі уақытта жол бойында адамдардың көмек сұрап тұрғанын байқайды. Тәртіп сақшылары мән-жайды анықтағанда, Сырдария өзенінде ағып бара жатқан адамды көреді.
Еш ойланбастан көмектесуге кіріскен полицей Дәулет Сағынбаев суға секіріп түсіп, батып бара жатқан азаматқа жақындайды. Одан кейін әріптесі Нұрғали Сапархан екеуі ер адамды сүйреп, жағаға алып шығады.
Белгілі болғандай, Мақтаарал ауданының тұрғыны мал бағып жүріп, құлынның өзенге түсіп кеткенін байқаған. Малын құтқарамын деп суға түсіп, соңында өзі шыға алмай қалған.
Қазір полицейлердің жылдам әрекеті арқасында аман қалған тұрғынның жағдайы қалыпты.