Астанада алаяқтықпен айналысқан ерлі-зайыпты анықталды
Олардың басқа қылмысқа қатысының бар-жоғы тексеріліп жатыр
Елордада полиция алаяқтықпен айналысқан ерлі-зайыптыны ұстады, деп хабарлады Polisia.kz.
Алматы ауданының полиция бөліміне 32 жастағы ер адам арызданған. Ол пәтер жалдау кезінде алданғанын айтқан.
Жәбірленуші Жұмекен Нәжімеденов көшесіндегі пәтерде жалға берушімен кездескен. Қыз тұрғын үйді көрсетіп, одан бір ай бұрын 130 мың теңге көлемінде алдын ала төлем алған. Салдарынан жалға алушы ақшасыз және пәтерсіз қалған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барасында полицейлер алаяқтыққа пәтерді жалға беретін ерлі-зайыптының қатысы барын анықтаған. Алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қазір елорда аумағында олардың осыған ұқсас қылмысқа қатысының бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Полицейлер азаматтарға алаяқтардан сақ болуға шақырады. Құжаттарды мұқият терсеріп, үйді жалға бару барысында ресми жалдау шартын жасау керек. Алдын ала төлем тек пәтерде тұратын кезде және келісімшартқа қол қойылғаннан кейін жасалуы керек. Бірнеше ай бұрын алдын ала төлем жасамаңыз, – деп жазылған хабарламада.