Бекболат Тілеухан біраз демалып, емделгісі келетінін айтты
Орталық сайлау комиссиясы Бекболат Тілеуханның Мәжілістегі өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы ұсыныс енгізді.
ҚР Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен Мәжіліс депутаты Бекболат Қанайұлы Тілеуханның өтініш беруіне байланысты оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға әкелетін негіз туындады деп белгіленді.
Сондай-ақ Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы ұсыным Парламент Мәжілісіне енгізілді.
Бекболат Қанайұлы Тілеухан өз еркімен өкілеттігін тоқтату туралы өтініш берді, - деп түсіндірді Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұлов.
Мәжіліс отырысында Бекболат Тілеухан біраз демалып, емделгісі келетінін айтты.
Негізгі себеп, жасырмай-ақ қояйын: денсаулығыма байланысты. Біраз демалғым келеді. Кешенді емдеуден өтпекпін. Бұл жөнінде Елбасына, Мемлекет басшысына баяндадым. Мұнда денсаулық мәселесі ғана емес, - деді ол.
Бекболат Тілеухан жаңа қызметке тағайындалғанын да айтты.
Мен сияқты адамдар бос жүре алмайды. Сонымен қатар, бұған дейін Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Ердоған мырзаның Орталық Азия этноспорт комитетін басқаруына ұсыныс келіп түсті. Қазір мені Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының вице-президенті етіп тағайындады. Бізде белгілі бір келісімдер бар, мен біртіндеп соған өтемін, - деді экс-депутат.
Бекболат Тілеухан 1966 жылы 7 тамызда Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданында туған.
Білімі жоғары, 1993 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын «концерттік орындаушы» мамандығы бойынша,
1998 жылы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ мемлекеттік техникалық университетін «инженер-металлург» мамандығы бойынша бітірген.
1996-2001 жж. - ҚР Президенті оркестірінің көркемдік жетекшісі.
2001-2002 жж. - ҚР Мәдениет комитетінің төрағасы.
2002-2004 жж. - ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім вице-министрі, ҚР Мәдениет вице-министрі.
2004-2007 жж. - ІІІ сайланған Мәжіліс депутаты.
2007-2011 жж. – ІV сайланған Мәжіліс депутаты.
2016-2021жж - VІ сайланған Мәжіліс депутаты.
2021 жылғы 15 қаңтардан бастап VІІ сайланған Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» партиясының партиялық тізімі бойынша сайланған. Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі.
Үйленген, тоғыз ұлы, алты қызы бар.