Әкімдіктер тасқыннан зардап шеккен отбасыларға 555,4 млн теңге көмек көрсетті
Электронды үкіметтің мобильді қосымшасында залалды өтеуге өтініш беру функционалы іске қосылды
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі су тасқыны салдарынан зардап шеккен қазақстандықтарға кешенді қолдау шараларын көрсетіп жатыр.
Атап айтқанда, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау мен мүгедектік тобын қайта куәландыру мерзімдері ұзартылып, Электронды үкіметтің мобильді қосымшасында келтірілген залалды өтеуге өтініш беру функционалы іске асырылды. Жергілікті атқарушы органдар барлық қажетті көмекті көрсетіп жатыр.
ТЖ режимі жарияланған қалалар мен аудандарда тұратын 5 мың отбасына атаулы әлеуметтік көмек мемлекеттік органдарға жүгінуді болдырмастан автоматты түрде тағайындалды.
Сондай-ақ ТЖ режимінің қолданылу кезеңінде балаларды қоса алғанда, 4 мыңға жуық адамға мүгедектікті қайта куәландыру мерзімдері автоматты түрде ұзартылды. Мүгедектігі бойынша жәрдемақы төлеу бұрын белгіленген топ бойынша іске асырылады.
Сәуірдегі зейнетақылар мен жәрдемақылар оларды алушылардың екінші деңгейдегі банктердегі шоттарына және «Қазпошта» АҚ-ға кідіріссіз және толық көлемде аударылды. Жергілікті атқарушы органдар өз қаражаты есебінен су тасқынынан зардап шеккен 2,3 мың отбасына 555,4 млн теңге әлеуметтік көмек көрсетті. Су басқан аймақтардан 96 мүгедектігі бар адам эвакуацияланды. Жергілікті жерлерде оларға барлық қажетті көмек көрсетілді.
Республика бойынша қарттар мен мүгедектігі бар азаматтарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін барлық 118 орталық штаттық режимде жұмыс істеп жатыр.
Кәсіподақтар федерациясы әлеуметтік осал санаттарға жататын азаматтарды сауықтыру үшін республиканың 7 санаторийінде 164 орын бөлді.
Электронды үкіметтің мобильді қосымшасында су тасқыны салдарынан келтірілген залалды өтеуге өтініш беру функционалы іске асырылды. Қосымшаны апробациялау Ақмола облысында басталады.