Күрестен АЧ: Қазақстан әйелдер құрамасы төрт қола жүлде иеленді
Кеше спортшылар қалған бес салмақта сынға түсті
Күрес түрлерінен Қырғызстанның астанасы – Бішкекте өтіп жатқан Азия чемпионатында әйелдер арасында барлық салмақтағы үздіктер анықталды.
Кеше спортшылар қалған бес салмақта сынға түсті. Ұлттық құраманың спортшылары соның екеуінде жүлдені жеңіп алды.
Анастасия Панасович 72 келіге дейінгі салмақта қола медаль үшін күресте өзбекстандық Озода Зарипбоеваны таза жеңді. Сонымен қатар Лаура Алмағанбетова үшінші орын үшін белдесуде (57 келі) қырғызстандық Сезім Жұманазаровадан айласын асырды.
Осылайша, Қазақстан әйелдер құрамасы Азия чемпионатын төрт қола медальмен аяқтады. Кеше Диана Каюмова (59 келі) мен Эльмира Сыздықова (76 келі) қола жүлде алған болатын.