Есіл өзенінде су деңгейі көтеріліп жатыр
Бүгін Қазақстанның басым бөлігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды
«Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы Алина Ысмағұлова Есіл өзенінде су деңгейі әлі де көтеріліп жатқанын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, солтүстік және оңтүстік циклондар және олармен байланысты атмосфералық фронтальды бөліністер еліміздің басым бөлігінде найзағайлы, жаңбырлы ауа-райын тудырады.
Оңтүстіктегі таулы аймақтарда қатты жаңбыр жауады. Солтүстікте түнде жауын-шашын болады. Республика бойынша тұман түсіп, жел күшейеді, - деді Алина Ысмағұлова ОКҚ-да өткен брифингте.
Ол Есіл өзенінде су деңгейі әлі көтеріліп жатқанын атап өтті.
Ақмола облысындағы Есіл өзенінің гидрологиялық бекетінде су деңгейі 12 сағатта 21 см-ге көтерілді. Петропавл қаласында Есіл өзенінің гидрологиялық бекетінде су деңгейінің күрт көтерілуі байқалды: тәулік ішінде судың деңгейі 144 см-ге артқан, ал Долматово тұсында яғни Есіл өзенінің гидрологиялық бекетінде су деңгейі тәулік ішінде 135 см-ге көтерілді, - деді баспасөз хатшысы.
Бұған дейін елімізде су тасқынынан 100 мыңнан аса тұрғын құтқарылғаны хабарланған еді.