Тасқыннан құтқарылғандардың саны 100 мыңнан асты

Дәурен Ерболат

8 өңірде жағдай әлі күрделі

Фото: ТЖМ

Қазақстанда су тасқынынан 100 мыңнан аса адам құтқарылды. Бұл туралы ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Су тасқыны басталғалы бері Азаматтық қорғаныс қызметі 102 328 адамды, оның ішінде 37 537 баланы қауіпсіз жерге жеткізді. Уақытша орналастыру пунктеріне 6 757 адам, оның ішінде 3 148 бала бар. 10 128 адам үйлеріне оралды, - деді Ерасыл Сайпаш ОКҚ-де өткен брифингте.

Бүгінде елімізде 9 млн текше метр еріген қар суы сорып шығарылған, 1 млн 700 мың қапшық және 1 млн 200 тонна инертті материал төселген.

Авариялық-құтқару жұмыстарына 35 551 адам, 3 557 мың техника, оның ішінде 750 су сору құралы, 214 жүзу құралы, 14 әуе кемесі жұмылдырылған.

Осы сағатта Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында 3 957 жеке тұрғын үй, 942 аула және 962 саяжай су астында қалды. 3 129 тұрғын үй мен 2 мың 33 ауладан су бұрылды.

Еліміздің 8 өңірінде: Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Атырау, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында жергілікті деңгейдегі 36 төтенше жағдай әрекет етеді, - деді аға офицер.

Ерасыл Сайпаш су тасқыны кезінде қазақстандықтарға сақ болуға шақырды.

ТЖМ азаматтарды аса мұқият болуға, су тасқыны кезеңінде қауіпсіздік шараларын мүлтіксіз сақтауға, үйлерден және эвакуациялау пункттерінен тиісті рұқсатсыз шықпауға шақырады, - деді ол.