Аурудың негізгі белгілері – дене қызуы, интоксикация, әлсіздік, бас ауруы, терінің бөртуі
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қазақстанда маймыл шешегі ауруына қатысты мәлімдеме жасады.
«Бұл вирустық жұқпалы ауру, әлемде сирек кездеседі. Негізінен эндемиялық аудандар мен аймақтарда болады. Бұл ауру Батыс Африкадан таралып жатыр, көбінесе Конго, Нигерияда көп тіркелуде. Шаралар қабылданғанына қарамастан, ауру бүкіл әлемге тарады. Қазіргі уақытта 24 ел осы індеттің анықталғанын хабарлады. Бірақ негізінен Ұлыбритания, Португалия, Испания елдерінде тіркелген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тиісті ұсынымдарын беріп жатыр», - деді Ажар Ғиният.
Министр Қазақстанда маймыл шешегінің еш тіркелмегенін айтты.
«Аурудың негізгі белгілері – дене қызуы, интоксикация, әлсіздік, бас ауруы, терінің бөртуі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бүкіл әлем бойынша осы белгілер байқалғандарды оқшаулауға және тексеруге кеңес береді. Бүгінгі таңда Қазақстанда еш жағдай тіркелген жоқ. Шекарада біз елімізге келгендердің барлығына термометрия жүргіземіз. Егер дене қызуы, жіті респираторлық вирустық инфекциялары бар адамдар табылса, барлығы инфекциялық стационарларға, жеке палаталар мен бокстарға оқшауланады, содан кейін тексеріледі», - деп түсіндірді министр.
Сондай-ақ, оның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі маймыл шешегі бойынша арнайы диагностика және ауруды растайтын немесе теріске шығаратын арнайы тесттер әзірлеген.
«Халықты вакциналау белгілі бір жағдайларда, бүкіл әлемде немесе елде ауқымды індет болған кезде және бұл инфекция ауыр зардаптар мен өлім қаупін тудырса ғана жүргізіледі. Бүгінгі таңда ДДСҰ вакциналау қажеттігі туралы айтқан жоқ. 1980 жылға дейін бұл ауру өте кең тараған. Әзірге Қазақстан халқын вакциналау мәселесі көтерілген жоқ, бұл ұсынымды ДДСҰ-дан күтетін боламыз. Маймыл шешегіне қарсы вакцина жоқ. Бұл вирус біздің елде табылса да, біздің мамандардың жақсы тәжірибесі бар, олар дайындалып жатыр», - деді А. Ғиният.