Челах Тоқаевқа сотта айта алмаған құпияны баяндап хат жазған
«Арқанкерген» оқиғасына – 10 жыл...
2012 жылы 15 қызметтес сарбазды қырып тастағаны үшін өмір бойына сотталған Владислав Челах өзі куә болған, бірақ сотта айта алмаған жайттарды баяндап, Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазған, – деп хабарлады «Азаттық радиосы».
12 парақтан тұратын хатта Челах Президенттен істі қайта қарауды сұрайды.
Қарағандылық Владислав Челах сот үкімі оқылған кезде 20 жаста болған. Ол әскерге барардың алдында кәсіби лицейде «тепловоз машинисінің көмекшісі» мамандығы бойынша білім алған. 2011 жылы қарашада әскерге шақырылған. Жақындарының айтуынша, Владислав әскери борышын шекара қызметінде өтегісі келген. Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жұмысқа тұрамын деп жоспарлаған.
Челах 2013 жылдың наурызынан бастап Қостанай облысы Жітіқара ауданындағы өмір бойына бас бостандығынан айырылған азаматтарға арналған «Қара бүркіт» деп аталатын мекемеде жазасын өтеп жатыр. Сот процесінен кейін Владиславтың анасы Ресейге көшіп кеткен. Қаза тапқан шекарашылардың отбасы да жан-жаққа тарап, ақпарат құралдарымен байланысын үзген. Кейінгі жылдары көп ақпарат жасырын болғандықтан, Челахтың туыстары журналистерге сұхбат беруді қойған.
Тергеушілердің дерегінше, шекара қызметінің жауынгері Челах «ішкі келіспеушіліктерге» байланысты қолына қару алып, әріптестерін қырып салған. Бірақ айыпталушының жақындары бұл нұсқаға сенбейді. Олар Владиславтың «Шекара қызметінде жүргеніме қуанамын. Бұл жақ өте әдемі: бір жағынан Қытайдың, екінші жағынан Қазақстанның таулары көрініп тұрады» деп жазғанын еске алады.
Биыл наурызда Владислав Челах Қасым-Жомарт Тоқаевқа өзі куә болған, бірақ сотта айта алмаған жайттарды баяндап, хат жазған. 12 парақтан тұратын хатта Челах Президенттен істі қайта қарауды сұрайды. Владиславтың жақындары да Президенттен, Бас прокуратурадан, Жоғарғы Сот пен Парламенттен көмек сұраған, бірақ мемлекеттік органдар хат қабылданғаны жөнінде хабарлама жіберумен ғана шектелген.
29 наурызда Владиславтың атасы Владимир Челах немересін көруге түрмеге барған. Жақындары онымен жылына үш рет екі сағаттық қысқа кездесуге барып, түрмеге үш рет сәлем-сауқат жібере алады. Владиславқа таксофон арқылы туыстарымен сөйлесуге рұқсат берілген. Атасының айтуынша, Челах түрмеде Қылмыстық кодексті жаттап алған, метеорологтің оқуын тәмамдаған. Атасы жіберген кітап бойынша грек тілін үйренген. Владислав бос уақытында кітап оқып, шығармашылықпен айналысады: қамыр мен бояудан әртүрлі бұйымдар жасайды, сурет салады.
– Бекем болуға тырысып, үмітін үзбей келеді. Бірақ жақындарымен кездесуден кейін жылап қалатынын естідік. Сондықтан туыстары ауырып қалса, айтпаймыз. Ай сайын ақша жіберемін. Ол дәмді тағам, шығармашылыққа қажетті заттар сұрайды, кейін жасаған дүниелерін бізге жібереді. «Ата, жасаған жақсылығыңның өтеуін осылай ғана қайтара аламын» деп айтады, – дейді Владимир Челах.
Сот үкіміне сәйкес, Челах қаза тапқан төрт шекарашы мен қорықшының отбасына 5 миллион теңгеден төлеуі керек. Қалған жәбірленушілер материалдық өтемақыдан бас тартқан. Одан бөлек, тұтқын әскери бөлімге келген залал мен сот сараптамасының шығынын (жалпы сомасы – 800 миллион теңге) өтеуге міндеттелген. Атасының сөзінше, Владислав «Ешкімді өлтірмедім, сондықтан ешкімге ақша беруге міндетті емеспін» деп, өтемақы төлеуден бас тартқан.
Владимир Челах немересін көріп, тергеуге қатысу үшін әскери бөлімге барғанында Владиславтың аяғы түгел көгергенін, тырнақтары дәкемен оралғанын, бүйрегі ауырып отырғанын көрген. Кейін Владислав бүйрегін үш жыл бойы емдеткен. Атасы «Немеремді бүйрегінен әбден тепкілеген» – дейді.
Тергеуші мен айыптау тарабының дерегінше, Челахты 4 маусымда Арқанкергеннен 24 шақырым жердегі шопандардың қыстауынан тапқан. Оның қолында жауынгер серіктерінің ұялы телефондары, ноутбук пен Кереевтің табельдік тапаншасы, 12 мың теңге ақша болған. Тергеу нұсқасы бойынша, Челах қорықшы мен әскерилерді өлтіріп, казарманы өртегеннен кейін ізін суыту үшін осы заттарды алып кеткен.
Ресми дерек бойынша, «Арқанкерген» бекетінен 14 шекарашының, жақын маңдағы аңшылар үйінен қорықшының мәйіті табылған. Кеден бекетінде тұрған Қамбар Ағанас казармадан алыс жерден табылған, оның мәйіті өртелген, бірақ толық жанбаған. Іс материалдарына сәйкес, қалған шекарашылар өртелген ағаш казарманың ішінде мерт болған.
Челах пен оның адвокаты БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитетінен көмек сұраған. Комитет жариялаған құжатта Челахтың бұйрық бойынша Қазақстан-Қытай шекарасындағы Сарыбөктер шекара заставасының құрамына кіретін «Арқанкерген» уақытша бекетіне жіберілгені айтылады. 2012 жылы 10 мамырда Владислав Челах жауынгер серіктерімен бірге шекара бекетіне барған. Челахтың айтуынша, бәрі тыныш басталған, ол басшылықпен және басқа жауынгерлермен жақсы қарым-қатынаста болған. 28 мамырдан бастап бекет негізгі заставамен байланысқа шықпай қалған. 30 мамырда застава командирі шекара бекетіне әскери байланыс мамандарын жіберген. Олар өртелген ғимараттарды көрген. 31 мамырда тергеу тобы келіп, жарылған гранатаның бөлшегін, қару мен автомат оғын, гильзаларды тапқан.
БҰҰ құжатындағы ақпаратқа сәйкес, Челах өзін шопандардың үйінен тапқан патрульге 28 мамырда белгісіз адамдардың шабуылына ұшырағанын, қатарластары өлтірілгенін, өзі қашып құтылғанын айтқан. Өзінің сөзінше, сол күні кезекшілікте болған. Таңғы бестер шамасында ол «Қаш, бізге шабуыл жасады!» деп айқайлаған жауынгерді көріп, қаша жөнелген. 4 маусымда Челахтың қолына кісен салып, алып кеткен (оны тұтқындау туралы сот шешімі 6 маусымда бір-ақ шыққан). Челахтың отбасына хабарласуға, қорғаушы таңдауға мүмкіндігі болмаған. Айыпталушыға мемлекет тарапынан қорғаушы берілген. Маусымның 4-нен 5-не қараған түні Челахты тергеген. Ол кінәні мойнына алуға мәжбүр болғанын, өзіне психологиялық қысым көрсетіліп, азапталғанын айтқан. 25 маусымда кінәсін мойындаудан бас тартып, алдыңғы түсініктеме жалған әдіспен алынды деп мәлімдеген. Сотта да азаптауға ұшырағанын қайталаған.