Бүгінде ғалымдар бұл мәселені зерттеп жатыр
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Елтаңба ауысқан жағдайда теңге купюрасының өзгеруіне қатысты түсінік берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ұлттық банкте өткен баспасөз мәслихатында төрағаға «Халық арасында «Қазір Елтаңбаны ауыстыратын уақыт емес» деген пікір айтылып жатыр. Алайда монета мен банкнотта Елтаңба бар екені белгілі. Оны өзгертуге қанша қаржы жұмсалады?» деген сұрақ қойылды.
Тимур Сүлейменов бұл мәселе әлі талқыланып жатқанын жеткізді. Алайда теңге купюрасын өзгерту техникалық жағынан қиындық тудырмайды.
Алдымен «Елтаңбаны ауыстырамыз ба?» деген сұрақ туындайды. Менің түсінуімше, бұл мәселе бойынша ғалымдардың тобы жұмыс істеп жатыр. Олар тиісті ұсыныс жасайды. Алайда қазір ондай ұсыныс болмады. Бірақ біздің бұл мәселені зерттегеніміз анық. Сондықтан қазір айналымдағы банкнот мен монета бойынша өзгеріс болмайды. Олар толық тозғанға дейін айналымда болады, – деді Ұлттық банк төрағасы.
Оның айтуынша, егер Елтаңбаны ауыстыруға шешім қабылданса, ведомство басып шығаратын банкноттарда да өзгеріc болады.
Біздің жабдықты өзгертуге тоқталайын. Ұлттық банктің банкнот фабрикасы мен теңге сарайы бар. Ондағы құрылғыларды қайта өзгерту техникалық жағынан қиындық тудырмайды. Сондықтан қосымша шығын болмайды, - деді Тимур Сүлейменов.