×

Әскери билеттер де цифрландырылды

Жұмысқа орналасу немесе оқу орнына қабылдау кезінде құжатты түпнұсқада ұсыну туралы талап алынып тасталды

 Дастан Жұмабекұлы 12.04.2024 | 12:21
Фото: egemen.kz

Елімізде жұмысқа орналасу немесе оқу орнына қабылдау кезінде құжатты түпнұсқада ұсыну туралы талап алынып тасталды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі хабарлады.

Енді жұмыс беруші азаматтың әскери қызметке қатынасы туралы мәліметтерді egov.kz электронды үкімет ресурсын пайдалана отырып, автоматты түрде алады. Заңнама бойынша заңды тұлғалар азаматтардың әскери қызметіне қатысы туралы деректерді тіркеуге міндетті. Сондықтан кадр қызметтері бұрын әскери есепке алу құжаттарын (әскери билеттер, тіркеу туралы куәлік, әскери қызмет өткергенін растау туралы анықтама және т.б.) талап еткен, – делінген хабарламада. 

Қорғаныс министрлігі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен, Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, жұмыс берушінің сұрауына автоматты түрде жауап алуға мүмкіндік беретін интеграциялық жұмыстар жүргізді. 

Өткен жылдан бастап біз осы процестерді цифрландыру жөнінде жұмыс жүргіздік. Атап айтқанда, ақпараттық жүйені әзірлеп, оны іргелес мемлекеттік органдардың мәліметтер базасымен біріктірдік. Инновация кадрлық қызметтердің жұмысын жеңілдетіп, азаматтарды анықтама алу үшін уақыт жұмсаудан босатады. Егер бұрын бұл процестер бірнеше аптаға созылса, бүгінде бір күнде жасалады, – деді Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев.

Жеке ұйымдар «Е-Еңбек» ақпараттық жүйесінде, мемлекеттік мекемелерде «Е-Қызмет» ресурсын пайдалана отырып, қызметкерлердің есебін жүргізетін болады.

Сонымен қоса әскери билет Қарулы күштер қатарында, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда әскери қызмет өткергендерге ғана берілетінін атап өткен жөн.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама