Halyq Uni логотип
×

Су тасқыны: ТЖМ соңғы ақпаратты жариялады

Бүгінде 3,5 мың үй су астында қалды

 Дәурен Ерболат 12.04.2024 | 10:43
Су тасқыны: ТЖМ соңғы ақпаратты жариялады
Фото: ТЖМ

Бүгінде 8 өңірде су тасқынының беті қайтар емес. Бұл туралы ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

12 сәуір сағат 10:00-дегі ақпарат бойынша азаматтық қорғау қызметі су тасқынынан 99 869 адамды қауіпсіз жерге көшірді. Оның 36 мыңы – бала. Уақытша орналастыру пунктерінде 6 586 адам бар. Оның 3 197-сі – бала, - деді Ерасыл Сайпаш ОКҚ-да өткен брифингте.

Өңірлерде 9 млн текше метр еріген қар суы сорылып шығарылып, табиғи апатқа қарсы 1 млн 600 мың қапшық, 1 млн 200 мың тонна инертті материал төсілген.

Оның айтуынша, апаттық-құтқару жұмыстарына 34 272 адам, 4 мың техника, 17 әуе кемесі жұмылдырылған.

Осы сағатта Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында 3 563 жеке тұрғын үй, 563 аула және 1 778 саяжай су астында қалды. 3 мың 52 үй мен 1 935 ауладан су бұрылған. Сондай-ақ 8 өңірде: Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Атырау, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында жергілікті деңгейдегі 34 төтенше жағдай жарияланды, - деді ТЖМ өкілі.

Ерасыл Сайпаш қауіптің беті әлі қайтпағанын атап өтті.

ТЖМ қазақстандықтарды аса мұқият болуға, су тасқыны кезеңінде қауіпсіздік шараларын мүлтіксіз сақтауға, үйлерден және эвакуациялау пункттерінен рұқсатсыз шықпауға шақырады, - деді ол.

Бұған дейін Үкімет қазақстандықтарды жалған ақпарат таратпауға шақырған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама