Күрестен АЧ: Ризабек Айтмұхан – күміс жүлдегер!

Дастан Жұмабекұлы

Финалда ол бахрейндік Ахмед Тажудиновпен күресіп, 2:4 есебімен есе жіберді

Фото: olympic.kz

Қырғызстанның Бішкек қаласында еркін күрестен өтіп жатқан Азия чемпионатында еліміз тарихындағы тұңғыш әлем чемпионы атанған Ризабек Айтмұхан жаңа салмақта күміс жүлдегер атанды.

Ол финалда 97 келі салмақтағы әлем чемпионы, бахрейндік Ахмед Тажудиновпен күресіп, 2:4 есебімен есе жіберді. 

Бұл екеуі бозкілемде осымен екінші рет кездесіп тұр. Бұған дейін Түркияда өткен халықаралық турнирде де Тажудинов қазақ балуанын жеңген болатын.

Ризабек Айтмұхан – 92 келі салмақта әлем чемпионы. Ол жаңа маусымды олимпиадалық салмақта бастап отыр. Биылғы Азия чемпионатында спортшы жартылай финалда Үндістанның өкіліне мерзімінен бұрын тізе бүктірсе, оған дейін өзбекстандық Махсұд Вейсалов пен Қырғызстанның спортшысы Андрей Ароновты жеңген болатын.

Былтыр ол Астанада өткен сары құрлық чемпионатында күміс медаль алған. Енді биыл да күміс медальді қанағат тұтып отыр.

Кеше тағы бір балуанымыз Азамат Өміржанов қола медаль үшін күресте қарсыласынан жеңіліп қалды.

Еркін күрестен 79 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Өміржанов кіші финалда өзбекстандық Асомиддин Хасановқа есе жіберді. Осылайша, ол Азия чемпионатын 5-орынмен аяқтады.