Алматыда 400-ден астам ата-ана алимент төлеуден жалтарып жүр
Биыл 5 мыңнан астам баланың пайдасына 1,4 млрд теңге алимент өндіріп алынды
Алматы қаласының прокуратурасы кәмелетке толмағандардың мүліктік құқықтарын қорғау мақсатында құқық қорғау және мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының қатысуымен алқа отырысын өткізді. Алқа отырысында 2021 жылдың 9 айындағы жұмыс қорытындысы қаралды.
Биыл қадағалау органының үйлестіруімен сот орындаушылары 5 мыңнан астам баланың пайдасына 1,4 млрд теңге алимент өндіріп алды. Жұмыссыздар үшін бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 90 адам жұмысқа орналастырылды.
Қалада 400-ден астам ата-ана сот орындаушыларынан жасырынып, балаларын асыраудан жалтаруда. Оларды анықтау үшін «Борышкер» рейдтері жүргізілді, 4 автокөлік айыппұл тұрағына айдап әкелініп, оларды іске асыру мәселесі шешілуде.
Қасақана төлемеушілерді жауапкершілікке тарту жұмыстары жалғасуда. 20-дан астам сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, олар бойынша 2 тұлға сотталды, 70-і әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Алматы қаласы прокуратурасының баспасөз қызметінен.
Мысалы, Алатау ауданының прокуратурасы қасақана жұмысқа орналаспаған және үш айдан астам уақыт бойы екі жас баланы күтіп-бағу шығындарын төлемеген азамат Т. есімді тұлғаға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
Сот үкімімен ол мәжбүрлі еңбекке тартыла отырып, оған 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.