Осы айдан бастап зейнетақы мен жәрдемақы өсетін болды
Базалық зейнетақы мен жәрдемақы да 4%-ға өсті
Қазақстандықтар жоғарылатылған зейнетақы мен жәрдемақыны маусым айынан бастап ала бастайды. Сондай-ақ маусым айында олар сәуір және мамыр айларының қосымша төлемдерін алады, деп хабарлайды «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ баспасөз қызметі.
«12 мамырда заң қабылданды, оған сәйкес 1 сәуірден бастап 2022 жылға арналған инфляциялық дәлізді қайта қарауды ескере отырып, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) ынтымақты зейнетақылар мен әлеуметтік төлемдердің мөлшері қосымша 4% есеге индекстелді. Ең төменгі күнкөріс деңгейі мен айлық есептік көрсеткіштің өзгеруіне байланысты базалық зейнетақы мен жәрдемақы да 4%-ға өсті», - делінген хабарламада.
Заңға сәйкес, 1 сәуірден бастап:
- айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 3180 теңге мөлшерінде;
- ең төменгі зейнетақы – 48 032 теңге;
- ең төменгі күнкөріс деңгейі (ӨМ) – 37 389 теңге;
- базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 20 191 теңге.