Жамбы атушылар Шымкентте жаттығып жатыр
Чемпионатқа 13 елден 60 спортшы қатысады
Шымкент қалалық ипподромында Азия Чемпионаты қарсаңында жамбы атудан Қазақстан құрамасының оқу-жаттығу жиындары өтіп жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Жамбы атудан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Елдос Бадашев спортшылардың дайындығына тоқталды.
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындықты ақпанда бастадық. Алғашқы оқу-жаттығу жиындарында спортшылардың дене шынықтыруына баса назар аударылды. Бұл жаттығу жиындарына құрамамыздың спортшылары да қатысады. Алда тағы екі кезең бар, – деді бас жаттықтырушы.
Бірінші Азия чемпионаты қарсаңында Шымкент ипподромында жамбы атудан Сауд Арабиясының ұлттық құрамасы да жаттығып жатыр.
Айта кетсек, 14-18 сәуір аралығында Шымкентте ересектер арасында жамбы атудан бірінші Азия чемпионаты өтеді. Чемпионатқа 13 елден 60 спортшы қатысады. Жарысқа Индонезия, Кувейт, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Оман, Өзбекстан, Пәкістан, Ресей, Сауд Арабиясы, Сирия, Таиланд, Қазақстан спортшылары қатысады.
Еске сала кетсек, Республикалық жамбы ату федерациясы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Қауымдастық құрамында бұдан өзге «Бәйге», «Көкпар», «Аударыспақ», «Садақ ату», «Теңге ілу», «Құсбегілік», «Асық ату», «JORYQ» ат спорты және т.б. федерациялар бар. ҚР Ұлттық спорт қауымдастығын белгілі кәсіпкер, меценат, «Altyn Qyran Foundation» Қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқарады.