Halyq Uni логотип
×

Туды пайдалану тәртібін қайта қарау керек - Тоқаев

Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Алматы қаласында жүр

 Ая Өміртай 01.06.2022 | 18:14
Туды пайдалану тәртібін қайта қарау керек - Тоқаев
скриншот: видео

Мемлекет басшысы Алматы қаласына жасаған сапарында жастардың отаншылдық рухын күшейту керек екенін айтты.

«Әлеуметтік желіде мемлекеттік туды қадірлеу туралы көптеген ой-пікірлер айтылуда. Өкінішке қарай, қасиетті көк туымызға байланысты жағымсыз жағдайлар азаймай тұр. Сондықтан байрағымызды пайдалану тәртібін қайта қарау керек деп ойлаймын. Қажет болса, тиісті заңдарға өзгертулер енгізуге болады. Өйткені, көк туымыз – қастерлі Тәуелсіздігіміздің символы», -деді Тоқаев.

25 мамырда Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында «Ирина Кайратовна» тобы мен Shiza деген лақап атпен танымал рэпердің концерті өтті. Концерт уақытында топ мүшелері Қазақстанның мелекеттік рәмізі – туға құрмет көрсетпей, сахнада балағат сөздер айтқан.

Әлеуметтік желі қолданушылары «Ирина Кайратовна» тобының мүшесі Азамат Маркленов пен Асхат Жолшиевтің (Shiza) сахнадағы әрекетін айыптап, заң жүзінде шара қолдануын талап етіп отыр.

Белгілі болғандай, әнші Асхат Жолшиев Қазақстанның туын қолына орап, кейін көрермендерге лақтырып жіберген. Сосын туға қатысты ескерту жасаған орталықтың әкімшісіне: «Бізде бәрі жақсы, кешіріңіздер, ондай-ондай болып тұрады. Бұл әкімшілік айыппұл екен ғой», деп жауап береді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама