×

Қайрат Сатыбалдыұлы ісі: мемлекетке тағы 50 млрд теңге қайтару жоспарланып отыр

Қазір ол жазасын Шығыс Қазақстан облысындағы ОВ-156/20 колониясында өтеп жатыр

 Дастан Жұмабекұлы 11.04.2024 | 14:03
Коллаж: Halyq Uni

11 сәуірде Қазақстан Республкасы Қылмыстық кодексінің 218-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы бойынша Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты қылмыстық істі қарап жатқан сот  прокурордың өтініші бойынша заңсыз сатып алынған активтерді қайтару жөніндегі рәсімдерді орындау қажеттілігіне байланысты процестік келісім жасасу үшін қосымша мерзім беру туралы шешім қабылдады.

Атап айтқанда, сотталушының жалпы сомасы 50 млрд теңгеден асатын қосымша мүліктік активтерін мемлекет пайдасына қайтару туралы мәселе қаралып жатыр.

Бұған дейін хабарланғандай, тергеу кезінде Қайрат Сатыбалдыұлы өз кінәсін толық мойындап, қылмыстық жолмен алынған мүлікті жариялауға ықпал еткен. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезеңінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сотталушының және онымен байланысты адамдардың жалпы сомасы 732 млрд теңгеден астам мүліктік активтері мен ақшалай қаражатын мемлекет пайдасына (әкімшілік ғимараттар, эксклюзивті зергерлік бұйымдар, люкс үйлер, пәтерлер мен автокөліктер, компаниялардағы акциялар мен қатысу үлестері, теміржол жолдары мен ақшалай қаражат, шетелдік мүліктерімен қоса) қайтаруды қамтамасыз етті.

Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты салық төлеуден және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерден жалтару фактісі бойынша тергеу жалғасып жатыр.

Еске сала кетсек, 2022 жылдың 26 қыркүйегінде Астана қаласы Байқоңыр ауданының №2 соты Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыны 6 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Оған Қылмыстық кодекстің екі бабы («Алдау немесе сенімге қиянат жасау жолымен мүліктік залал келтіру», «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу») баптары бойынша айып тағылған болатын. Ол процесс кезінде тағылған айыпты мойындады.

Сондай-ақ Қайрат Сатыбалды 10 жыл бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды. Ол «Құрмет», «Парасат» ордендерінен айырылды. Ал жазасын Шығыс Қазақстанда орналасқан ОВ-156/20 колониясында өтеп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама