Күдікті жұмысқа кешігіп бара жатқандықтан, жүргізушіден тезірек жүруін сұрағанын айтты
Алматыда көлік жүргізушісіне жұдырық ала жүгірген жолаушы ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бостандық ауданында таңғы 8:00 шамасында 98-бағыттағы автобуста 38 жастағы жолаушы бұзақылық жасаған. Ол қоғамдық тәртіпті бұзып, көлік жүргізушісін ұрып-соғып, дене жарақатын келтірген.
Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұзақылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сараптама тағайындалды. Күдікті жұмысқа кешігіп бара жатқандықтан, жүргізушіден тезірек жүруін сұрағанын айтты. Екеуінің арасында осыған байланысты кикілжің болған, – деді Бостандық аудандық полиция басқармасының бастығы Дидар Аханов.
ҚР ҚК-нің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді.
Еске сала кетсек, биыл 22 желтоқсанда да Алматыдағы 47-бағыттағы қоғамдық көліктің жолаушысы жанжал барысында жүргізуші әйелді соққыға жыққан еді. Одан кейін 5 наурызда Атырау қаласындағы №22 автобуста ер адам жолақысын төлеуді талап еткен жүргізушіге жұдырық ала жүгірген болатын.