×

Балалар күні: Altyn Qyran Foundation қоры Қобда ауданындағы 105 балаға тарту жасады

Қор тарапынан жыл сайын Қобда ауданындағы үздік мектеп оқушылары үшін аудан орталығына және елордаға экскурсиялар ұйымдастырылады

 Ербол Тұрымбет 01.06.2022 | 17:34
фото: facebook.com/ali.astana

«Altyn Qyran Foundation» қорының басқарушы директоры Әлібек Әлденей Ақтөбе облысына іссапармен барып, өңірде Қордың демеушілігімен жүзеге асып жатқан әлеуметтік жобалармен танысты.

«Ұшақтан түсе сала Ақтөбе облыстық музейіне соқтым. Бұл – осы өңірдегі ең ірі тарихи-өлкетану музейі, оның құрылысына «Altyn Qyran Foundation» қорының қамқоршылар кеңесінің төрағасы Исламбек Салжановтың бастамасымен қомақты қаржы бөлген болатын», - деп жазды Әлібек Әлденей.

Одан бөлек, Қордың басқарушы директоры бүгін Қобда ауданына аттанып, Қор салып берген 200 орындық «Нұрлы болашақ» балабақшасын аралады. 1 маусым – Халықаралық балалар күніне орай биыл мектепке баратын 105 балаға Қор атынан арнайы тарту жасады.

«Нұрлы болашақ» балабақшасының балғындары бүгін балабақшамен қоштасты. 105 түлек балдәурен күннен оқушылық кезеңге аяқ баспақ. Балабақшаның меңгерушісі Жұмазия Ертлеуованың айтуынша, биыл түлектердің тоғызыншы буыны тәлім ошағынан білім ұясына қанат қақты. Аталмыш шараға «Altyn Qyran Foundation» қорының басқарушы директоры Әлібек Үсенұлы Әлденей, аудандық мәслихат хатшысы Жанболат Ерғалиев, аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрлыбай Айжарықов, жергілікті ақсақалдар мен ата-аналар қатысты.

Салтанатты іс шарада «Altyn Qyran Foundation» қорының басқарушы директоры Әлібек Әлденей бүлдіршіндер мен ата-аналарды, ұстаздарды ұйымның Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Исламбек Төлеубайұлы Салжановтың атынан құттықтап, бүлдіршіндерге сыйлық тарту етті.

«Қазіргі таңда бұл ауданда 16 балабақша бар, оның барлығы – мемлекеттік. Соның ішінде, «Нұрлы болашақ» – жеке қаржыға салынған бірден-бір балабақша деп мақтанышпен айта аламыз. Сіздердің ауылдастарыңыз - Исламбек Төлеубайұлы Салжанов оның құрылысына өз бастамасымен демеушілік көрсетіп, бүгінге дейін қамқорлық жасап келеді.

Еліміздің болашағы – жас ұрпақтың тәрбиесіне қосқан үлестеріңіз үшін Сіздерге мың да бір алғыс! «Altyn Qyran» қоғамдық қоры жас ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі. Өздеріңіз де білесіздер, жыл сайын Қобда ауданындағы үздік мектеп оқушылары үшін аудан орталығына, сосын елордаға экскурсиялар ұйымдастырылады. Бұл үрдіс биыл да жалғасады. Бүгінгі балабақша түлектері оқуда озат болып, болашақта осындай сапарларға қатыссын. Елін, жерін танысын деген тілек білдіреміз», - деді Әлібек Үсенұлы.

Бұдан бөлек, Қор тарапынан жыл сайын Қобда ауданындағы үздік мектеп оқушылары үшін аудан орталығына және елордаға экскурсиялар ұйымдастырылады.

«Қобда ауылындағы ақсақалдарымен, ақ жаулықты аналармен елдің тынысы, ұрпақ тәрбиесі жайлы әңгіме-дүкен құрып, біраз ойды көкейге түйіп қайттық. Білім беру мен тәрбие ісі жолға қойылған елдің болашағы жарқын екені даусыз», - деп жазды Қордың басқарушы директоры.

Шара барысында балабақша түлектері әннен шашу шашып, салтанат залын бимен көмкерді. Қоштасу кешіне қатысқан ата-аналар да балаларының бойына сан өнерді жиып алып, көпшілік алдына шығып талантын танытқанына дән риза. Көңілдері шаттанып, тәрбиешілерге алғыс білдірді.

«Зияткер ұрпақ тәрбиелеп, еліміздің білім саласындағы әлеуетін көтеруде балабақшалардың алар орны ерекше. Бұл тұрғыдан алғанда «Нұрлы болашақ» балабақшасы  мемлекеттік талаптарға сай білім беріп отырған бірден бір мекеме. 

Балалардың іс-шараға белсенділікпен және тыңғылықты дайындықпен қатысуы балабақша ұжымының жемісті жұмысының нәтижесі. Еске салсақ, бірегей балабақша жергілікті кәсіпкер, меценат Исламбек Салжановтың туған өлкеге тартуы болатын. Толық жеке қаражатқа салынған 200 орындық білім мекемесе мемлекеттің меншігіне өтеусіз қолданысқа берілген. Оның құрылыс материалдарынан бастап, қондырғылары толық алыс шетелдерден жеткілген. Ұйымның жас ұрпақтың тәрбиесі мен сапалы білім алуына қолдау көрсету жалғаса береді», – деді Әлібек Әлденей.

Жалпы, «AQ Foundation» қоры Ақтөбе облысындағы жас аналарға арналған «Ана үйіне», балалар үйіне, орта мектептер мен кітапханалар жүйесіне, осы өңірде түрлі мәдени-рухани шаралар өткізуге қаржылай көмек көрсетіп келеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама