Батыс Қазақстан облысында 15 үйдің иесі табылмай жатыр
Облыста 1 155 үй су астында қалған, 732 үйге тұрғындар оралды. 408 үйде адам тұрмайды. 15 үйдің иесі жоқ.
Батыс Қазақстан облысында 15 үйдің иесі табылмай жатыр, - деп хабарлайды uralskweek.kz.
Батыс Қазақстан облысы ТЖД бастығының міндетін атқарушы Руслан Қасыбаев өңірде су тасқынына қарсы қолда бар мүмкіндіктің бәрі жасалып жатқанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, оАвтомобиль жолдарының 65 учаскесінде су толып кетті. 65 жерде жол төсемі шайылды.
Облыстың екі ауданындағы 9 елді мекен көлік қатынасынсыз қалды. Бұл ауылдарға азық-түлік және тұрмыстық заттар қоры жеткілікті екен.
«Өңірде үш тікұшақ су тасқынында адамдарды көшіру үшін дайын тұр. Олар қажет болған жағдайда авариялық-құтқару жұмысмен айналысып, гуманитарлық көмекті жеткізеді. Жергілікті ауқымдағы алты төтенше жағдай жарияланды. Зардап шеккен азаматтарға арналған 161 уақытша орналастыру пункті бар. 19 пунктке 1801 адам, оның ішінде 777 бала орналасты. Эвакуацияланған халық ыстық тамақ және орналастыру орындарында бірінші кезекте қажет тауарлармен қамтамасыз етілген.
Су тасқынынан қорғау құрылыстарын нығайту жөніндегі іс-шараға барлығы 4750 адам, 954 техника, 95 қайық, 332 мотопомпа мен 3 тікұшақ жұмылдырылды. Жайық өзенінде су деңгейінің көтерілуі мүмкін. Су Ресей Федерациясынан келеді. Онда су тасқынына байланысты Ириклин қоймасынан су жіберілді. Нақтыланған ақпаратқа сәйкес, Ириклин су қоймасының Ресей Федерациясынан жіберілетін су көлемі біртіндеп азаяды. Дегенмен облыста су басу қаупі бар», – деді ол.
Айта кетейік, басылым мәліметінше, Орал қаласы мен Батыс Қазақстан облысында Жайық өзеніндегі су деңгейі көтеріле бастаған. Биліктің ақпаратына сәйкес, Оралға су 15-17 сәуірде келеді деп күтіліп отыр.
Мамандар Жайық өзеніндегі су деңгейі 10 метрге жетуі мүмкін екенін ескертеді, дегенмен қауіпті деңгей - 850 сантиметр.