×

Астанаға «Менің атым Қожа» келді

Бұл - қазақ әдебиетіне, қазақтың балалар киносына қойылған ескерткіш

 Дастан Жұмабекұлы 01.06.2022 | 17:03
Фото: Артем Чурсинов

Астанадағы «Жетісу» саябағында «Менің атым Қожаға» ескерткіш орнатылды.

Оның ашылу салтанатына Қожа рөлін сомдаған актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Санжар мен Жанардың рөлін ойнаған Гүлнәр Құрабаева, Бердібек Соқпақбаевтың қызы Самал және Абдолла Қарсақбаевтың ұлы Тоқтар қатысты.

Мүсін орнату туралы идеяның авторы белгілі журналист Мұрат Қожамқұлов. Десек де, былтыр «Ана тілі» газетіне жазушы-публицист Жанболат Аупбаевтың «Менің атым Қожа» кітабы кейіпкеріне ескерткіш қою керек» деген мақаласы жарық көрген болатын. Бұл ұсыныс Президент әкімшілігінен қолдау тауып, содан кейін ескерткішті орнату мәселесі қолға алынды.

Аталған рәсімде Жанболат Аупбаев пен «Хабар» агенттігінің басшысы Берік Уәли мүсіннің мәні мен маңызы туралы айтып, көркем әдебиет кейіпкерлеріне ескерткіш орнатуда мемлекет басшысынан бастап, ел тізгінін ұстаған азаматтардың жұмысы ерекше болғанын атап өтті.

Осыдан кейін Қожаның рөлін сомдаған актер Нұрлан Санжар сөз алып, бұл Қожаға ғана қойылған ескерткіш емес, сол кездегі қазақтың кез келген қарадомалағына, кез келген ауыл баласына қойылған мәңгілік белгі екенін атап айтты.

Бұл қазақ әдебиетіне, қазақ балалар әдебиетіне, қазақтың балалар фильміне қойылған ескерткіш дер едім. Біз осы фильм арқылы күллі қазақ баласының бейнесін көрсетуге тырыстық. Қазіргі балалардың бақыты да сол, бейбіт елде, Тәуелсіз Қазақстанда өмір сүріп келеді. Осы тыныштықтан, осы берекеден айырмасын, – деді ол.

Ескерткіштің ашылу салтанатында классик жазушының қызы Самал Соқпақбаева осы іске атсалысқан барлық азаматтарға алғыс айтып, астананың әкімі Алтай Көлгіновке өтініш жасады.

Астананың бір көшесіне балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың есімін берілсе, сол көшеге бюстін орнатып берсе, кейінгі ұрпақ үшін ұмытылмас дүние болар еді, – деді жазушының қызы.

Самал Соқпақбаеваның өзі әлемнің 20-ға жуық тіліне аударылған «Менің атым Қожа» повесінің алғашқы аудармашысы екен. Сол кезде ол журналистика саласында қызмет атқарған. Әкесінің туындысын Қазақстан баспалары баспай жатқанда, оны орысшаға аударып, Мәскеуден бастыртады. Одан кейін кітап французшаға, тағы басқа да 15 тілге аударылды.

Ал 1963 жылы «Менің атым Қожа» әйгілі Канн фестивалінде «Балаларға арналған ең үздік шетел фильмі» номинациясын жеңіп алады. 

Бұл фильмді режиссер Абдолла Қарсақбаев балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 1957 жылы жазылған «Менің атым Қожа» повесінің желісі бойынша түсірген.

Кинокартина «Қазақфильм» студиясында экранға шықты.

Ескерткіштің жалпы биіктігі - 183 см, қола, гранит материалдарынан жасалған. Мүсінші – Талапхан Азамат.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама