×

Тараздағы ірі базарларда ет-сүт өнімдері ветеринарлық қадағалаусыз сатылып келген

Өңірдегі эпизоотиялық жағдайды жақсартуға 6,8 млрд теңге бөлінсе де сібір жарасына қарсы шара қанағаттанарлықсыз

 Динара Амантай 10.04.2024 | 16:32
Фото: Жамбыл обл. прокуратураның баспасөз қызметі

Жамбыл облысының прокуратурасы ветеринария туралы заңнаманың қолдануы мәселесі бойынша тексерулер жүргізді, деп хабаралды Halyq Uni тілшісі.

Талдау нәтижелері бойынша малды есепке алу, қауіпті аурулар ошақтарының алдын алу мен жою және вакцинациялаудың бақылаусыз қалу мәселелерінде жүйелі бұзушылықтар анықталды.

Соңғы 3 жылда облыста эпизоотиялық жағдайды жақсартуға 6,8 млрд теңге бөлінгеніне қарамастан, сібір жарасы жағдайы қанағаттанарлықсыз болып тұр. Вакцинацияланған мал мен нақты мал басы туралы мәліметтердің сәйкес келмеу фактілері барлық жерде анықталды.

Одан бөлек, Шу, Байзақ және Талас аудандарында ауру салдарынан сойылған мал туралы деректер енгізілгеннен кейін оларды сату фактілері анықталды. 1 мың 400-ден астам малдың өлімі туралы мәліметтер болған кезде меншік иелері ветеринариялық инспекцияны хабардар етпеген, тиісінше мал өлімінің себептері анықталмаған.

Сондай-ақ тексерушілер жануарлардың жаппай сырқаттану фактілері бойынша карантиндік режимді енгізу бойынша шараларды қабылдамау фактілерін анықтады.

Жуалы ауданында 500 бас малдың лейкозбен жаппай ауруы фактісі бойынша карантиндік шаралар енгізілмеген.

Мал етін тасымалдауда, мал шаруашылығы өнімдерін сою және қайта өңдеу цехтарының қызметіне анықтама беру кезінде көптеген бұзушылықтар ашылды. Атап айтқанда, Тараз қаласының аумағында малдарды стихиялық саудамен және союмен ұзақ уақыт бойы айналысқан 2 цех анықталды. Олар уәкілетті органдардың назарынан тыс қалған.

Күнделікті халық сауда жасайтын Тараз қаласының 3 ірі азық-түлік базарында қой еті мен сүт өнімдеріне міндетті зертханалық зерттеулер жүргізбеу фактілері анықталды.

Барлық бұзушылықтар бойынша кінәлі лауазымды адамдардың әкімшілік және тәртіптік жауапкершілігі шешілді, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне қадағалау актісі енгізілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама