×

Астанада «Олимпиада ойындарына – 100 күн» марафоны өтеді

Оған 5 шақырымға жүгіре алатын барлық қала тұрғыны мен қонақтары қатыса алады

 Дастан Жұмабекұлы 10.04.2024 | 14:30
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанадағы «Астана» триатлон саябағында 17 сәуірде қала тұрғындары арасында «Олимпиада ойындарына – 100 күн» атты 5 шақырым қашықтыққа арналған жүгіру болады. Оған 5 шақырымға жүгіре алатын барлық қала тұрғыны мен қонақтары қатыса алады. Жаста шектеу жоқ.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, марафон Олимпиялық қозғалысты насихаттап, Олимпиадаға жолдаманы алған және лицензия үшін жарыстарға қатысатын спортшыларды қолдау мақсатында өтеді.

17 сәуірден бастап есептегенде, XXXIII жазғы Олимпиялық ойындардың басталуына 100 күн қалады. Соған орай, Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен қала тұрғындары арасында бұқаралық іс-шара өткіземіз. Бұл іс-шара – жарыс емес, бұқарамен бірге жүгіру, – деді Астана қаласы әкімдігінің Спорттық бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының басшысы Бақтияр Масанов.

Тіркелу кезінде қатысушыларға лотерея билеттері таратылып, бағалы сыйлықтар ойнатылады. Қатысушыларды тіркеу сол күні сағат 08:30-да басталады. Сонымен қатар, мәреге жеткендерге финишер медалі беріледі. Бұған қоса, сахна жанында қол күрес (армрестлинг), арқан тартыс пен гір спортынан жарыстар өтеді.

Биыл 26 шілде мен 11 тамыз аралығында Францияның астанасы – Париж қаласында болатын Олимпиадаға Қазақстан спортшылары 31 жолдама жеңіп алды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама